Нұр-Сұлтанда 10-11 қазан күндері аймақтық азық-түлік жәрмеңкелерінің қорытындысын Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары өткізеді. Бұл туралы астана әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әкімдіктің хабарлауынша, жәрмеңкеге екі облыстың барлық аймақтарынан 115-ке жуық кәсіпорны қатысады. Ауылшаруашылық өнімдерінің 100-ден астам түрі ұсынылады. Өтетін орны Хан-Шатыр сауда ойын-сауық орталығының жанындағы алаң. (Қонаев көшесі мен Тұран даңғылының қиылысы).
Жәрмеңкеде 1218 тоннаға жуық азық-түлік өнімдерін сату жоспарланған. Оың ішінде еттің барлық түрі – 133 тонна, шұжықтар – 4 тонна, кондитерлік өнімдер – 1 тонна, макарон өнімдері – 5 тонна, жарма – 2,8 тонна, бал – 13 тонна, қымыз – 1 тонна, сүт өнімдері – 14 тонна, май – 1,3 тонна, ұн – 28 тонна, картоп пен көкөністер – 944 тонна.
Бірқатар өңірлердегі эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, тауық еті мен жұмыртқа қауіпсіздік мақсатында жәрмеңкеде сатылмайды.
Барлық өнімдер Нұр-Сұлтан базарларындағы орташа бағадан арзанға сатылатын болады. Жәрмеңкеге брендтері елге және шетелге танымал кәсіпорындар қатысады: “Зенченко и К”, “Масло-Дел” ЖШС филиалы, ЖШС “Галицкое”, ЖШС “Рубиком”, ЖШС “КЭММИ”, ЖШС “МолКом Павлодар”, ЖШС “Крендель” және т.б
Жәрмеңке 5 қыркүйек күні басталған. Түркістан және Алматы облыстары 800 тоннадан астам өнім әкелген. Одан кейінгі апта соңында Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстары 405 тонна өнім әкелді. Араға апта салып Қызылорда және Ақтөбе облыстары 540 тонна өнім жеткізген. 2 апта бұрын ШҚО және Ақмола облыстары осы қалалар тізімін 732 тонна өнім әкеліп толықтырды. Өткен апта Қарағанды және Қостанай облыстары 980 тонна өнім әкелді.
Пандемия кезінде, жәрмеңкеге келушілер қатаң санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтап, маска тағып, арақашықтық сақтауы және міндетті түрде антисептик қолдануы керек.