Нұр-Сұлтанда құрылыс, сауда, тамақтану және денсаулық саласындағы мамандарға сұраныс көп. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
“Әсіресе, жүк көлігі жүргізушілері мен монтаждаушыларға сұраныс жоғары. Құрылыс саласында прораб, шебер, тас қалаушы, арматурашы, инженер-сметашы, бетоншы, техникалық-өндірістік бөлім инженері, жұмысшылар қажет. Ал сауда саласында сатушы, кассир, менеджер, супервайзер, мерчендайзер кадрлардың тапшылығы байқалады”, – делінген әкімдік таратқан ақпаратта.
Сонымен қатар елордада денсаулық сақтау саласында дәрігер, медбике, санитар жетіспейді. Тамақтану саласы бойынша да түрлі тағамдар цехына аспаз, ас үй қызметкері, наубайшы, кондитерлер қажет.
“Электрондық еңбек биржасы порталында жалақысы 100 мың теңгеге дейінгі 2 085 бос жұмыс орны, 100 мыңнан 150 мың теңгеге дейін жалақысы бар 2 090 жұмыс орны жарияланды. Жалақысы 150 мыңнан жоғары 1 537 вакансия бар”, – деп нақтылады қала әкімдігі.
Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 356 бос жұмыс орны қарастырылған.