Бокстан Сиднейде өткен олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов “Нұр Отан”партиясы атынан Алматы қалалық мәслихатының депутаты атанды. Боксшы 10 қаңтар сайлау күні митингке жиналғандар арасында белсенді журналистің плакатын жыртып, таптап тастаған еді.
Аумақтық сайлау комиссиясына жіберілген “Нұр Отан” ұсынған 29 депутаттың тізімінде кәсіпкер, “Tanmedia Group” директорлар кеңесінің төрағасы Арманжан Байтасов, “Отбасы банк” басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова, “Нұр Отанның” Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров, “Алматы ақшамы” газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай, кәсіпкер,”Q3 Worldwide” инвестициялық холдингісінің бас директоры Қайрат Құдайберген бар.
“Нұр Отан” партиясы Алматы қаласының мәслихатына ұсынған тізімдегі адамдардың орташа жасы – 43. Тізімдегілердің 31 пайызы әйелдер. Мәслихатқа кандидаттардың 24 пайызы жастар.