18 қаңтар күні Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) ресми сайтында 2016 жылы Рио олимпиадасында алтын медаль алған қазақстандық ауыр атлет Нижат Рахимовтің “допинг ережесін бұзғанын” хабарлады.
IWF сайтындағы ақпаратқа сай, Халықаралық сынақ агенттігі (ITA) румыниялық Думитру Каптари мен қазақстандық Нижат Рахимовке 2016 жылдың ішінде антидопинг ережесін бұзып, “несеп анализін ауыстырған” деген айып таққан.
Бұл ереже бұзу фактісі ITA мен Халықаралық антидопинг агенттігінің (WADA) Халықаралық ауыр атлетика федерациясына (IWF) қатысты жүргізген “Жебе операциясы” (“Operation Arrow”) кезінде анықталған. Рахимовке айып тағылғаны ITA сайтында да хабарланған.
Қазақстан ауыр атлетика федерациясы мен Қазақстан ұлттық олимпиада (ҰОК) комитеті 18 қаңтарда Рахимов ісіне қатысты қандай да бір мәлімдеме жасаған жоқ. Спортшының өз де үнсіз.
ҰОК 18 қаңтарда ресми сайтында Қазақстан ауыр атлетика құрамасы Алматы облысындағы “Ақбұлақ” олимпиадалық орталығында жаттығуға кіріскенін хабарлады. Жаттығу бастаған атлеттер қатарында Рахимов те бар.
Қазақстан Рио олимпиадасында үш алтын, бес күміс, он қола медальмен жалпы есепте 22-орын алған.
НИЖАТ РАХИМОВ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
27 жастағы Нижат Рахимов Әзербайжанның Баку қаласында туған. Алғашында Әзербайжан құрамасының атынан халықаралық жарыстарға қатысып, 2010 жылы Сингапурде өткен жасөспірімдер олимпиадасында чемпион атанған.
Ауыр атлет бұған дейін де допинг дауына ілінген. IWF Рахимовті “рұқсат етілмеген препарат қолданды” деп айыптап, екі жылға – 2013 жылы маусымынан 2015 жылдың маусымына дейін жарыстардан шеттеткен. 2014 жылы Рахимов Әзербайжан ауыр атлетика құрамасының бапкерлерімен жанжалдасып, Қазақстан азаматтығын қабылдады.
Рахимов 2016 жылы Рио олимпиадасына Қазақстан құрамасы атынан қатысып алтын алғанда батыс басылымдары оның жеңісіне күмән келтірген еді.