Исламдағы Миғраж түні туралы не білеміз?

0
1,719
Нұр-Сұлтан қаласы. Әзірет Сұлтан мешіті.

10 наурыздан 11-іне қараған түні Ислам дінінде Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымызға берілген ұлы мұғжиза – Исра және Миғраж оқиғасы болған уақытқа түсіп тұр. Бұл туралы Мүфтият сайты хабарлады.

Оқи отырыңыз: Исламдағы қасиетті үш ай

Исра және Миғраж түні Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккедегі әл-Харам мешітінен Құдыстағы (Иерусалим) әл-Ақса мешітіне исра, яғни түнгі сапар жасаған. Одан миғражға жеті қат көкке көтеріліп, дүниеден өткен барлық пайғамбарлармен кездескен, үнемі құлшылықта жүретін періштелермен жолыққан. Жаратушымыздың түрлі белгілеріне куә болған.

Мұсылмандардың күнделікті оқитын бес уақыт намазымыз осы түнде парыз етілген. Бұл оқиға Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдина қаласына һижрат етуінен он сегіз ай бұрын болған.

Имам Мұхаммед Ғазалидің “Фиқһу сира” кітабында бұл жөнінде: “Исра – Харам мешітінен Құдыстағы Ақса мешітіне болған ғажайып сапар. Ал миғраж – исраның артынша болған оқиға. Миғраж деп мүбәрак Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көк жүзіне көтеріліп, адам баласының білімі жетпейтін деңгейге дейін барып, қайтадан Меккедегі Харам мешітіне оралу сапарын айтамыз”, – дейді.

Қасиетті Құран Кәрімде: “Пендесін бір түні оған белгілерімізді көрсету үшін Харам мешітінен біз айналасын мүбәрәк етіп қойған Ақса мешітіне (исра жасатып) апарған Алла Тағала түрлі кемшіліктен пәк. Шәксіз Ол естуші, білуші”, – деп айтылған (“Исра” сүресі, 1-аят). Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) исра жасағаны туралы қасиетті Құранда айтылғандықтан, бұған сену – әрбір мұсылманға парыз.

Бас мүфти Наурызбай Тағанұлының айтуынша, Исра мен Миғраж оқиғасынан мұсылмандар мынадай пайдалы ғибраттар алуы тиіс.

Біріншіден, намаз ғибадаты парыз етілді. Миғраж түнінде Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үш сый жасалды:

  1. “Бақара” сүресінің соңғы екі (Әмәнә-р-расулу) аяты уахи етілді.
  2. Қиямет күні Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметін шапағат ету құқығы берілді.
  3. Бес уақыт намаз парыз етілді.

Демек намаз жер бетінде емес, миғражда парыз етілді. Бұл намаздың қаншалықты үлкен маңызға ие екенін көрсетеді. Намаз – мүміннің рухани миғражы. Намаз арқылы мұсылман адам рухани ем алып, жаман әдеттерден арылады. Қасиетті Құранда Алла Тағала: “Намаз оқы. Күдіксіз намаз арсыздықтан, жамандықтан тыяды…» деп айтқан (“Ғәнкабут” сүресі, 45-аят).

Хакім Абай өлеңінде “Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс, Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс” деп мүміннің атқаруы тиіс парыз амалдарына тоқталған. Бұқар жырау өзінің “Тілек” толғауының бесіншісін бес уақыт намазға арнап,  “Бесінші тілек тілеңіз, Бес уақытта бес намаз, Біреуі қаза болмасқа” деп, намазды қаза қылмай оқуға шақырған.

Пайғамбарымыздың  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намаздың артықшылығы жайлы айтқан хадистері өте көп. Соның бірінде: “Қалай ойлайсыңдар, егер де сендердің біреуің есік алдында өзен ағып жатса әрі сол өзенге күн сайын бес рет жуынатын болса, ондай адамның бойында кір қала ма?” – деп сұрайды. Сонда сахабалар: “Жоқ, оның ешбір кірі қалмайды”, –  деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): “Бес уақыт намаз да тура сол секілді, адамның істеген қателігін жуып-шаяды”, – дейді.

Оқи отырыңыз: Исламдағы Рағайып түні туралы не білеміз?

Екіншіден, миғраж – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) биік дәрежесін көрсетеді. “Исра” сүресінің 79-аятында Алла Тағала: “Раббыңның сені бір мақтаулы орынға жеткізуінен үміт етіледі”, – деп айтқан. Бұл аяттағы “мақтаулы орын” дегенді “Пайғамбарымыздың қияметте шапағат етуі” деп түсінеміз.

Үшіншіден, мұсылмандар үшін үш мешіт ерекше қасиетті саналады. Олар – Меккедегі қасиетті Қағба, Мәдинадағы Пайғамбар мешіті, Құдыстағы әл-Ақса мешіті. Бұл мешіттердің маңайында қылмыс пен күнә жасауға тыйым салынғандықтан, әл-харам деп аталған.

Төртіншіден, миғражда ғайыпқа иман келтірудің артықшылығы баяндалған.

Қасиетті Құраннның “Бақара” сүресінің алғашқы аяттарында Алла Тағала: “Әлиф Ләм Мим. Мұның ұғымын Алла біледі. Міне осы кітапта күдік жоқ, тақуалар үшін тура жол көрсетуші. Сонда олар ғайыпқа иман келтіреді, намазды толық орындайды, өзіне берген несібені (Алла жолында) жұмсайды”, – деп айтқан.

Бас мүфтидің сөзінше, мұсылман баласы миғраж оқиғасынан түрлі сабақ алуы керек.

“Ең бастысы біз бұған күдіксіз иман келтіріп, ол күннің болғанына сенуіміз қажет. Әрине мұндай қасиетті түндердің өз сауабы мен артықшылығы бар. Сол үшін біз мұндай түндерді құлшылықпен, Алла Тағалаға дұға жасаумен өткізгеніміз абзал”, – деді Наурызбай Тағанұлы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз