6 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды фармацевтика зауыты шығарған ресейлік “Спутник V” вакцинасын салдырды. Бұл туралы президент баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-та хабарлады.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: қазақстандық вакцинаны салдырамын
Уәли президенттің вакцина салдырғаннан кейінгі хал-жағдайы жақсы екенін, ешқандай жанама әсері болмағанын жазды.
“Мемлекет басшысы вакцина салдырып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру арқылы ғана Қазақстан азаматтары коронавирусты жеңе алатынына, барлық шектеулердің алынатынына, халықтың қалыпты тұрмыс-тіршілігіне қайта оралатынына сенімді.
Қасым-Жомарт Тоқаев барша халықты мейлінше тезірек вакцина салдыруға шақырды. Бұл – өзіңді және жақыныңды қорғаудың жалғыз жолы”, – деп хабарлады Берік Уәли.
Айта кетейік, президент Тоқаев біраз уақыт бұрын отандық вакцинаны салдыратынын айтқан.
“Отандық вакцинаның тестілеуі оң нәтиже көрсетеді деген үміттеміз. Мұндай жағдайда мен қазақстандық вакцинаны салдырамын”, – деген еді президент 26 қаңтардағы үкіметтің кеңейтілген отырысында.