Сауд Арабиясы денсаулық сақтау министрлігі 2021 жылғы қажылық маусымының талаптарын жариялады. Бұл туралы ҚМДБ баспасөз қызметі хабарлады.
– Биыл қажылық квотасы жалпы 60 мың адамға беріледі.
– Қажылық жасауға 18-60 жастар аралығындағы азаматтар өтініш бере алады.
– Қажылардан Сауд Арабиясында ресми тіркелген (Pfizer-BioNTech, AstraZeneca, Johnson&Johnson және Moderna) вакциналарының екі дозасын қабылдау талап етіледі. Екінші дозаны Корольдікке барудан 14 тәулік бұрын қабылдауы тиіс.
– Шет елден келген кісілерге қажылық құлшылығына қатысы жоқ өзге аймақтарға баруға тыйым салынады.
Сонымен қатар, әр қажы жоғарыда аталған вакциналардың бірін қабылдағаны туралы өз елінің құзыретті органдарынан анықтама алуы және оны Сауд Арабиясының шет мемлекеттердегі елшіліктерінде заңдастыруы керек.
Бұған қосымша әр қажыдан Корольдікке келген кезде 72 сағатқа жарамды теріс нәтижелі ПТР-тест анықтамасын да көрсету талап етіледі.
Қажылар Мекке аймағында бір орыннан екінші орынға көшкен уақытта барлық денсаулық сақтау шараларын қатаң сақтауы тиіс. Сондай-ақ бекітілген ережелерге толық бағынуы қажет.
Биылғы қажылық маусымына қандай мемлекеттен қанша адам шақырылатыны жайлы Сауд Арабия билігі әлі хабарлаған жоқ.