Алматыда осы сенбіден бастап “эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты” карантин жеңілдетіледі. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігерінің бейсенбі күні кешке жарияланған жаңа қаулысында жазылған.
Қаулыға сәйкес, демалыс күндері бизнес нысандарына кіруге Ashyq қосымшасында “жасыл мәртебеге” ие жұмысшылар мен келушілерге рұқсат етіледі. Олар вакцинацияланған немесе бір апта бұрын ПТР тестін тапсырған болуы керек.
Алдағы дүйсенбіден бастап жұмыс күндері бизнес объектілеріне түн ортасына дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі.
Алматыда коронавирус шілде айының басында өрши бастады. Қалада карантин тамыз айының басында ғана күшейтілді. Тамыздың соңына қарай қалада күн сайын 1,5-1,6 мың науқас тіркелді. Қазіргі уақытта бір күнде 1,2-1,3 мың науқас анықталып жатыр. Бұл Қазақстанның басқа өңірлеріндегі көрсеткіштерден айтарлықтай жоғары.