Қараша айының соңы, желтоқсанның басында Алматы қаласында күніне шамамен 600 адамнан коронавирус анықталуы мүмкін. Бұл туралы 7 қазанда Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров мәлімдеді.
“Болжам бойынша, егер бақылау-шектеу шаралары эпидемиологиялық ахуал және иммундық қабаттың қалыптасуына қарай біртіндеп алына берсе, науқастардың азаюы жыл соңына дейін жалғаса береді. Аталған факторларды ескерсек, қарашаның соңында – желтоқсанның басында ауру өсімі сәл көбейіп, күніне 600 науқас тіркеледі деп болжаймыз. Ол кезде 2 мыңға дейін орын толып, денсаулық сақтау жүйесіне орташа салмақ түседі”, – деді Бабақұмаров.
Қала әкімі орынбасарының сөзіне қарағанда, қазіргі “қарқын сақталса”, қазанның соңына қарай қалада күніне 350 айналасында науқас тіркелуі мүмкін. Ал жағдай нашарласа, пессимистік болжамға орай күніне анықталатын науқастар 550-ге дейін барады. Ал қараша соңында негізгі болжам бойынша коронавирус көрсеткіші 250-ге дейін азаюы мүмкін, ал пессимистік болжам бойынша, 620 науқас тіркеледі. Желтоқсан соңында сәйкесінше 150 немесе 350 науқас тіркелуі мүмкін.
Қазір қалада күніне 400 төңірегінде науқас анықталып жүр. Қазақстандағы ең ірі қала коронавирустың күндік көрсеткіш бойынша да, індет кезінде тіркелген науқастар саны жөнінен де республикада бірінші орында тұр. Індет басталғалы бері қалада 171 мың адамнан коронавирус анықталған.