Коронавирустық инфекцияның жаңа “Омикрон” штамының пайда болуына жол бермеу мақсатында 3 желтоқсаннан бастап Египетке әуе қатынасы тоқтатылды. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.
Қазақстан мен Египет арасындағы әуе рейстерін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қостанай және Ақтөбе қалаларынан Шарм-Эль-Шейх қаласына “Эйр Астана” және “SCAT” әуе компаниялары орындап келді. Әуе компанияларының ақпараты бойынша бүгінгі таңда Египетте 2800-ге жуық Қазақстан азаматы бар. Олар желтоқсанның 3-10 аралығында аталған әуе компанияларының рейстерімен елге жеткізіледі.
Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес Египеттен келген жолаушылар COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсының бар-жоғына қарамастан, Қазақстан шекарасын кесіп өткен сәттен бастап мерзімі 72 сағаттан аспаған коронавирусқа ПТР тестінің теріс нәтижесі туралы анықтаманы көрсетуі тиіс. Сондай-ақ, вакцина алған және тиісті анықтамасы бар болса да, 7 күнге оқшаулануы керек.