Қазақстан мен Өзбекстан төтенше жағдайлар салдарын бірге жоюға уағдаласты

0
326
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев. Photo: akorda.kz

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтың Нұр-Сұлтанға ресми сапары кезінде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық жөнінде Қазақстан мен Өзбекстан үкіметі арасында келісім жасалды. Бұл туралы akorda.kz хабарлады.

Осы жылы 1 мамырда Мақтарал ауданына жақын Өзбекстанда Сардоба су қоймасы жарылып, төтенше жағдай жарияланған. Соның салдарынан Түркістан облысының Мақтарал ауданында 845 үй, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медицина ғимараты мен мәдениет үйі және 54,7 км көпір мен жолды су алған. Мұнан өзге 7639 га егістік су астында қалған.

Бұған байланысты Қазақстан Өзбекстанға наразылық нота жолдап, Түркістан облысының 10 ауылын суға кетірген Сардоба су қоймасындағы апат жайлы толық ақпарат беруді талап етпек болған. Қазақстан ақпарат құралдары экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громовтың сөзінше, халықаралық норма бойынша, шекара бойындағы суға салынатын гидротехникалық құрылыс жайлы шектес мемлекеттерге хабар алысып, өзара келісілуі тиіс. Ал Сардоба су қоймасы Қазақстанның келісімінсіз салынған.

Өзбекстан Сардоба су қоймасынан зардап шеккен Қазақстан елдімекендеріне техника жіберіп, зардабын жоюға көмектескен еді. Су қоймасының жарылуынан Өзбекстанның өз жері де зардап шегіп, ондаған мың адам үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болған.

Ақорда таратқан ақпаратта, бүгін 6 желтоқсанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтанда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізген.

Қазақстан президенті екі мемлекеттің ара қатынасына “қазақ-өзбек ынтымақтастығы барлық салада бұрын-соңды болмаған шыңдарға көтерілді” деп бағалаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзияев келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы одақтық байланыстар туралы декларацияға қол қойған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз