Эколог-мамандар Балқаш көліне қауіп төніп тұрғанын айтып, дабыл қағуда.
Отандық экологтар Балқаш көлі алабының ластануы мен көлге құятын өзен сағаларының сорлануынан еліміздегі ең үлкен көлдің көлем жағынан кішірейгенін айтып, дабыл қағуда. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлайды.
Қарағандылық эколог-профессор Марғұлан Хамиев және «ЭкоЦентр» қоғамдық ұйымының жетекшісі Надежда Пустолайкинаның пікірлеріне негізделген хабарда қауіп төнген көлді құтқарудың бір әдісі бар екені айтылады.
Мамандардың айтуынша, көл алабын тазарту арқылы су көлемін көтеруге болады.
Аймақтық мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасынан мәселеге қатысты таралған мәліметке сүйенсек, эколог-мамандардың бұл ұсынысы алдағы уақытта ескерілмек.
Естеріңізге сала кетейік, Балқаш көліне құятын төрт ірі өзен: Қаратал, Ақсу, Лепсі және Іленің сағаларын қамыс басып, қоқыс толғаннан көл алабының бітелгені жайлы өткен жылдың сәуір айында ақпарат таралған болатын.
Көл алабын тазарту жұмыстарына облыс бюждетінен шамамен 170 миллион теңгелік қаражат та бөлінген еді.