Air Astana Ресейге ұшатын рейстерінің бір бөлігін тоқтатты

0
211
Air Astana ұшағы. Photo: Air Astana баспасөз қызметі.

Қазақстандық Air Astana әуе компаниясы және оған еншілес FlyArystan Ресейге ұшатын рейстерінің бір бөлігін тоқтатты. Әуе тасымалдаушы компания мұны “өндірістік себептермен” түсіндірді.

Қазіргі уақытта Air Astana Нұр-Сұлтан мен Алматыдан Мәскеуге ғана ұшып жатыр. Қалған қалаларға рейс жоқ.

Бұған дейін ресейлік S7 Airlines және Аэрофлот компаниялары да Қазақстан мен Ресей арасындағы рейстерін тоқтатқан. Бұған Украинаға байланысты батыстың Ресейге салған санкциясы себеп болған.

Ал SCAT және Qazaq Air компаниялары әзірге Ресейге рейстерін тоқтатпағанын хабарлады.

Ресейлік “Аэрофлот” пен “Россия” компаниялары 8 наурыз кештен бастап шетелге ұшатын барлық рейстерін тоқтатқан еді. Оның алдында Росавиация әуе компанияларға 6 наурыздан бастап – шетелге ұшатын рейстерді, ал 8 наурыздан бастап шетелден келетін рейстерді тоқтатуға кеңес берген. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Еуроодақ, АҚШ, Канада және өзге елдер Мәскеуге санкция салған. Жоғарыда аталған шешімдерге осы санкция түрткі болған. Жолаушылар тасымалдайтын ресейлік әуе компанияларға тиесілі ұшақтардың басым бөлігі шетел компанияларынан лизингке алынған. Санкция салынғаннан кейін шетел компаниялары ресейлік әуе тасымалдаушылармен келісім-шартты үзіп, техниканы қайтаруға мәжбүр. Санкция жайлы шешімге сәйкес, олар мұны наурыздың соңына дейін аяқтауы тиіс.

Қазіргі кезде ресейлік тасымалдаушылар пайдаланатын 980 ұшақтың 777-і лизингке алынған, 515-і яғни, жартысынан астамы шетелдік компаниялардан жалға алынған.

Өткен аптада Әзербайжанның екі әуе компаниясы да “санкцияға байланысты” Ресей қалаларына ұшатын рейстерін тоқтатқан.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз