Қазақстанда кейінгі бес жылда интернет алаяқтық 10 есе өскен. Бұл ақпаратты Бас прокуратура таратып халыққа сақ болуды ескертті.
“Азаматтардың әлеуметтік желілердегі онлайн сауда мен танымал сайттар арқылы алаяқтық құрбаны болу көрсеткіші айтарлықтай жоғары. Сонымен қатар, қылмыскерлер онлайн-қарыз алу жолымен және банк карталарынан ақша жымқырады. Алаяқтар көбіне азаматтарға инвестиция салу, бәс тігу, ойын және лотереяны жарнамалайды”, – делінген Бас прокуратура таратқан ақпаратта.
Бас прокуратура осындай қылмыстарды азайту үшін цифрлық технологияларды енгізуді, қолданыстағы нормативтік құжаттарды жетілдіруді, ІТ-бағдарламалар мен қосымшаларды әзірлеуді көздейтін арнайы жол картасын әзірлеген.
Бас прокуратура онлайн сауда жасайтын кезде күмәнді транзакцияларды болдырмауды, банк картасының деректерін, шот номерін және қауіпсіздік кодын бөтен адамға бермеуді, банктердің күмәнді сілтемесін ашпауды, танымайтын адамға ақша аудармауды ескертеді.
Егер банк картаңыздан ақша заңсыз алынса, дереу банкке немесе полицияға хабарласу қажет.