Алакөлде өрт шығып, төрт демалыс орны жанып кетті

0
163
Алакөлдегі өрт. Photo: Төтенше жағдайлар министрлігі

5 шілдеге қараған түні Абай облысының Үржар ауданында, Алакөл жағасында үлкен өрт болған. Бұл жөнінде Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

ТЖМ баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, жел күшейіп, от демалыс үйі мен көршілес базаға жылдам жеткен. Қураған шөп те жанған. Демалушылар нөмірлерін өз бетімен тастап шыққан. Секундына 10 метр жылдамдықпен күшейген жел өртті одан әрі күшейтіп, ағаш үйлердің бірінен екіншісіне жеткен.

Халықтың, өрт сөндірушілердің, жергілікті атқару органдарының қызметкерлері мен полиция күшімен өрт 5 шілдеде таңғы сағат 5-тен 40 минут кеткенде сөндірілген. Қазіргі мәліметке қарағанда, 3 мың шаршы метр жер жанып кеткен.

“Өрттен 4 демалыс базасы зардап шекті. Өрт сөндіруге Шығыс Қазақстан және Алматы облысының төтенше жағдайлар қызметінің 29 техникасы мен 186 адам қатысты”, – дейді ТЖМ министрлігінің баспасөз қызметі.

Ресми мәліметке қарағанда, 7 адамға жеңіл медициналық көмек көрсетілген. Өрт себебі әзірге анықталмаған.

Алакөл – Абай және Жетісу облыстарының ортасында, Жоңғар қақпасына таяу тұста жатқан су айдыны. Бүгінде көл аймағында үш жүзден астам пансионат, қонақ үй мен демалыс үйлері жұмыс істейді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз