26 қыркүйекте Астана қаласының соты экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыны алты жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі орта дейгейдегі колонияда өтейді.
Қайрат Сатыбалды “Қазақтелеком” мен “КСО” компанияларының аса ірі көлемдегі қаржысын жымқырды деген айыппен соттады. Оның үстінен “алдау жолымен мүліктік залал келтірді”, “сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салды” деген айыппен қылмыстық іс қозғалған.
Сот үкімі бойынша Қайрат Сатыбалды жазасын өтеген соң 10 жыл бойы жоғары лауазымдағы қызмет атқара алмайды.
Бұған дейін прокурор Жангелді Есебаев Қайрат Сатыбалдыны алты жылға бас бостандығынан айыруды және “Құрмет”, “Парасат” ордендерінен айыруды сұраған.