Ауылға баратын дәрігерлерді әлеуметтік жағынан қолдауды күшейту туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
“Біріншіден, медицина кадрларын ауылға тарту үшін түлектердің міндетті түрде 3 жылдық жұмыс істеу нормасы қабылданды. Келген әрбір дәрігерге 1 миллион теңгеден 2 миллион теңгеге дейін көтерме жәрдемақы бөлінеді. Ал кейбір әкімдіктер, яғни Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында үш-бес миллионға дейін жәрдемақы бөледі”, – деді А. Ғиният ауылдағы денсаулық сақтау мәселесін талқылауға арналған Үкімет сағатында.
Осы орайда ол әлі де ауылға баратын дәрігерлерді әлеуметтік жағынан қолдауды күшейту керек екенін айтты.
“Жыл сайын клиникалық бейіндегі 1500 медицина кадрын даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы, гранттар бөлінеді. түлектерді бөлу жүзеге асырылады. Бүгінде ауылдық жерлерде 67 мыңнан астам медицина қызметкері, оның ішінде 13 мың дәрігер жұмыс істейді”, – деді министр.
Бұл тұрғыда ауылдарда дәрігер жетіспейтінін нақтылады.
“Бұл мәселені шешу үшін ауылда резиденттер міндетті практикадан өту үшін «Резиденттер ауылға» қанатқақты жобасы пысықталып жатыр. Олар ауылда 6 ай мерзімде тәжірибеден өтуі керек”, – деді ведомство басшысы.