20 қарашада Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Биылғы науқан бұрынғы сайлауларға өте ұқсас: бұл жолы да кезектен тыс өтеді және билікте отырған басшы қайтадан сайлауға түсіп жатыр. Қазақньюс тілшісі халықтан президенттіктен үміткерлерді қаншалықты танитынын сұрап көрді.
Қазақстанда президент сайлау осымен жетінші рет өтіп жатыр. Қазір билік басында отырған президент екінші мәрте сайлауға түсіп отыр. 2019 жылғы 9 маусымдағы кезектен тыс сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, Нұрсұлтан Назарбаев қызметтен кеткенде өз орнына қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаевты дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 70 пайыздан көбі қолдаған.