Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясы жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналады. ҚР Үкіметі тиісті қаулыны қабылдады, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» КЕАҚ қызметіне:
- әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарына сәйкес ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтің басым бағыттарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы стратегиялық, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу;
- ғылым жөніндегі жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындауды және басып шығаруды үйлестіру;
- ғылымды дамыту бойынша форсайттық зерттеулерді дайындауды және жүргізуді үйлестіру;
- ғылым саласында атаулы сыйлықтар мен стипендиялар алуға конкурстар өткізу;
- ғылым мен техниканың әртүрлі салаларында ғылыми зерттеулер жүргізу;
- ғылыми журналдар шығару, халықаралық ғылыми және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға қатысу;
- ғылымды танымал етуге қатысу және т.б. кіреді.
ҚР ҰҒА жұмысын қаржыландыру республикалық бюджеттен бөлінген бюджет қаражаты есебінен жүреді.
Еске сала кетейік, биылғы 1 маусымда Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясының мерейтойлық сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бюджеттен қаржы бөліп, мемлекеттік мәртебе бере отырып, Академияның рөлін арттыруды тапсырған болатын. Академиктердің ұсынысы бойынша Үкімет ҰҒА-ны трансформациялау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрды. Оның негізгі міндеті Академия қызметінің негізгі бағыттары бойынша бірыңғай ұстанымды қалыптастыру болды.