ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары қаралды, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі.
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің хабарлауынша су тасқыны қаупі бар өңірлерге Ақмола, Абай, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Жетісу облысы жатқызылған.
Су тасқыны жағдайы қиындағанда жедел ден қою мақсатында 35 мыңнан астам адам, шамамен 11 мың бірлік техника, 12 дана «Қазавиақұтқару» әуе кемесі, 650 астам жүзу құралы және 3 мыңнан артық мотопомпа қалыптастырылған.
Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованың айтуынша, республика аумағында барлығы 1806 тірек гидротехникалық құрылыс бар. Осы жылдың қаңтар айындағы жағдай бойынша 1322 ГТҚ зерттелді, 471 нысан жөндеуді талап ететіні анықталған. Қазіргі кезде 41 ГТҚ қайта жаңартылып жатыр.
Бүгінде 255 елді мекен мен 100 мыңнан астам үй қауіпті аймақта тұр.
“Ақтөбе және Алматы облыстарында қазірдің өзінде елді мекендердің көшелерін су басып жатқаны туралы фактілер бар. Ауа райы болжамына сәйкес, алдымыздағы ақпан айында оңтүстікте ауа температурасы мен жауын-шашын нормадан жоғары болуы мүмкін. Бұл – «айтып келетін апаттың» нағыз өзі. Сондықтан оңтүстік өңір әкімдіктері осы бастан су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейтулері керек”, — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, Алматы, Абай, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында, Астанада және Алматыда дренаждық жүйенің қатты жауын-шашын мен тасыған селге шамасы жетпейді.
Үкімет басшысы барлық өңір әкімдері қарды, әсіресе, ауылдық елді-мекендерде уақытылы шығаруды қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті.
“Өңір әкімдері Жол картасының іс-шараларын сапалы іске асыруды қамтамасыз етіп, өткен жылдардан орындалмай қалған проблемалық мәселелерді шешуге міндетті. Бұл ретте төтенше жағдайлар министрі айтқан барлық ұсыныстар мен шараларды ескеру қажет. Әкімдер су тасқынын өздерінің қатаң бақылауында ұстасын”, — деді премьер-министр.
Қорытындылай келе, Премьер-Министр су тасқынына қарсы барлық іс-шараларды, оның ішінде күштер мен құралдардың дайындығын үйлестіруді және сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді, тиісті жедел штаб құруды, сондай-ақ шекаралас мемлекеттермен судың шығыны және трансшекаралық өзендердегі қауіптің алдын алу туралы тұрақты түрде өзара мәлімет алмасуды ұйымдастыруды тапсырды.