Нурдагы қаласындағы жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға жұмылдырылған қазақстандық құтқарушылардың екінші эшелоны елге аман-есен оралды, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі.
ТЖМ құтқарушылары мен Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлерін қазақстандықтар, туыстары, достары мен әріптестері күтіп алды. ТЖ министрі Юрий Ильин және Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уфук Экиджи (Ufuk Ekici) біздің құтқарушыларымызды күтіп алды және олардың әрқайсысына атқарған қиын жұмысы үшін алғысын білдіріп, сондай-ақ олардың іс-әрекеттерін кәсіби, ержүрек және нәтижелі деп бағалады.
Естеріңізге сала кетейік, Түркияның үш өңірінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу басталғаннан бері Қазақстан ТЖМ құтқарушыларының күштері 7 адамды құтқарды. Қаза тапқан 88 адамның, оның ішінде 10 баланың денесі шығарылды.
Құтқарушылар қолмен, сондай-ақ инженерлік техниканы, авариялық-құтқару жабдықтарын, шанц аспаптарын тарта отырып, 250 мыңнан текше астам метр үйінділерді бөлшектеген. Толығымен қираған ғимаратта қазақстандық құтқарушылар адамдардың орналасқан жері мен жай-күйін анықтау, үйінді астында зардап шеккендермен аудио байланыс орнату, қажетті көмектің көлемі мен сипатын анықтау бойынша жұмыс жүргізді.
Қазақстан ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері де тәулік бойы зардап шеккендерге білікті медициналық көмек көрсеткен. Барлық жұмыс кезеңінде 200-ге жуық жергілікті тұрғын мен құтқарушыларға, оның ішінде 30-ға жуық балаға медициналық көмек көрсетілген.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Түркияға гуманитарлық көмек жіберілді. Табиғи апат аймағына зардап шеккендерге көмек көрсетуге арналған шатырлар, жылыту құрылғылары, жылы киімдер және басқа да қажетті заттар жіберілді. Гуманитарлық көмектің жалпы көлемі 55 тонна. Гуманитарлық жүк әуе көлігімен Түркияның Газиантеп қаласына жөнелтілді.
Түркия Республикасының АFAD жер сілкінісі зардаптарын жою дағдарыс орталығымен келісіліп, Қазақстан Республикасы ТЖМ күштерімен іздестіру-құтқару жұмыстары барлық объектілерде аяқталды, күштер топтамасы тұрақты орналасқан пункттерге қайтарылады.
Түркиядағы іздестіру-құтқару жұмыстарына Астана және Алматы қалаларынан, Ақмола және Қарағанды облыстарынан құтқарушылар қатысты. Түркия тұрғындарының тарапынан Қазақстандық құтқарушыларға кәсіби, уақтылы және нәтижелі іздестіру-құтқару жұмыстары үшін шын жүректен алғыс сөздері айтылды.