Тоқаев Елорданы дамыту мәселесі жөнінде кеңес өткізді

0
92

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Президент өз сөзінде алдағы жылдары қала халқының саны 1,5 миллионға жетуі мүмкін екенін айтты. Бірақ, қаланың бас жоспарында бұл жағдай толық ескерілмеген.

«Мерейтой – қол жеткізген жетістіктер мен жарқын жеңістерге ғана емес, жіберілген қателіктер мен мүмкіндіктерге де назар аударатын маңызды белес. Жіберілген кемшіліктерден сабақ алып, тиісті қорытынды шығару маңызды. Қазір босаңситын және жетістіктерге тоқмейілситін уақыт емес», – деді президент.

Тоқаев Астана бойынша алдағы жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталды. Алғашқы мәселе Астананы жылумен қамтамасыз ету болды. Елордадағы негізгі өзекті мәселелер қаланың дамуына қатысты тиісті жоспардың, яғни дұрыс жоспарлау жұмысының жоқтығынан туындаған. Президенттің айтуынша жағдайдың соншалықты мүшкіл болуына жауапты басшылардың біліксіздігі немесе бас пайдасын ойлағандығы себеп болды.


Екінші мәселе Астананы сумен қамтамасыз ету туралы. Жаздың басында су тапшылығы қатты сезілгені белгілі. Бұған тұрғындар наразылық білдіргенін білеміз. Тіпті, жолдарды бөгеп, митингке шықты.

«Ашығын айтсақ, қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға жауапты адамдар жұмысын адал атқармаған. Бұл – нағыз салғырттық, соның салдарынан осындай күрделі ахуал қалыптасты. Мұны, тіпті, жұмысқа селқос қарау емес, қасақана зиян келтіру деуге болады. Себебі, су, жылу, жарық – күнделікті тұрмыстағы аса маңызды қажеттіліктер. Бұл салада қателікке мүлдем жол беруге болмайды. Сондықтан, кінәлі адамдар тиісті жазасын алуы керек», – деді президент Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша қазір елорда Астана су қоймасына толық тәуелді болып отыр. Су алатын басқа жер жоқ. Кез келген сәтте оқыс оқиға болса, бүкіл қалаға қауіп төнуі мүмкін. Тұрғындар саны көбейіп, жаңа нысандар пайдалануға беріліп жатыр. Сондықтан, су қоймасының қуаты алдағы бір-екі жылда сарқылып бітетіні анық.

«Астананы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін кейінге қалдыра беруге болмайды. Тиісті жұмыс атқарылмаса, мұны астыртын қарсылық білдіру деп түсінуге тура келеді. Ахуалды дереу түзеу қажет. Бас қаланы осындай жағдайда қалдырмаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, президент әкімдікке келесі жылдың соңына дейін қалдық суды жинақтайтын Қарабидайық көлін кеңейтуді тапсырды. Оның айтуы бойынша қазір тазарту қондырғылары арқылы ағызылатын қалдық су Есіл өзенін ластауда.

Үшінші мәселе тұрғын үй құрылысын ретке келтіру. Қазіргі таңда Астанада 10 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынып жатыр. Өкінішке қарай, құрылыс қарқыны жоғары болғанымен, сапаға көңіл бөліне бермейді. Бұл салада олқылықтар өте көп.

«Құрылыс – экономиканың өте маңызды саласы. Бұған дау жоқ. Астанада құрылыс көп болғандықтан, қомақты қаржы бөлінетіні белгілі. Сондықтан, адал кәсіпкерлермен қатар, түрлі алаяқтар да пайда көріп қалуға тырысады. Кейбір компаниялар құрылыс жүргізуге рұқсат беретін құжаттары болмаса да, жұмыс істеп жатыр. Бизнесті тексеруге салынған тыйымды, яғни мораторийді желеу етеді. Сондай-ақ үлескерлерден заңсыз қаражат жинайды. Әкімдік құқық қорғау органдарымен бірлесіп, бұл үрдіске тосқауыл қоюы керек. Мұның бәрі жаңа проблемалық нысандардың пайда болуына әкеп соқтырады. Әкімдік көз жұмып отыра берсе, бұл мәселе ушығып кетеді. Шенеуніктердің мұндай салғырттығы және жауапсыздығы ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан, барлық салада, соның ішінде құрылыс саласында заң мен тәртіп болуға тиіс. Мен заңсыз құрылысқа жол бермеу үшін бақылауды күшейтіп, саланы реттеуді тапсырдым», – деді мемлекет басшысы.

Тоқаев өз сөзінде Астанадағы көптеген азамат апатты жағдайдағы баспанада тұрып жатырғанын хабарлады. Оның айтуынша мұндай ғимараттарды сүріп тастап, орнына жаңа үйлер салу қажет. Бастапқы кезеңде бұл жұмысқа мемлекет атсалысуы қажет. Шетелде мұндай тәсіл кеңінен қолданылады. Сондай-ақ, бұл іске міндетті түрде бизнесті тарту керек.

Астанада білікті ұстаздардың тапшылығы сезіліп отыр. Жыл сайын бір мыңға жуық мұғалім жетіспей жатады. Сондықтан, президент елордада педагогикалық жоғары оқу орнын ашу туралы ұсынысты қолдайтынын айтты. Енді Үкімет педагогикалық оқу орнын ашуды және көпбейінді аурухана салуды мұқият пысықтауы қажет. Қаражат мәселесін шешу керек.

«Ірі қалада халықтың тұрмыс сапасына қоғамдық көлік пен жол кептелісі тікелей әсер етеді. Сондықтан, көлік инфрақұрылымын дамытудың айрықша мәні бар. Жуырда Алматыға сапарым барысында қоғамдық көлікті және электронды билет сату жүйесін басқару орталығының жұмысымен таныстым. Бұл саладағы цифрландыру ісі өзінің тиімділігі жоғары екенін көрсетіп отыр. Сондықтан елорда әкіміне Алматының оң тәжірибесін ескере отырып, қоғамдық көлікті диспетчерлік басқару жүйесін қолданысқа енгізуді және дамытуды тапсырамын», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жыл сайын Астанаға 50-60 мың адам келеді. Бұдан бөлек, күн сайын жақын маңдағы елді мекендерден 150 мың адам келіп кетеді. Негізінен, көп адам қалаға жақын жерлерден жұмыс істеуге келеді. Енді президент бұл саланы нақты реттеп, бақылау күшейтілуіне де тапсырма берді

«Ең алдымен, бүгін айтылған міндеттерді дер кезінде әрі сапалы орындау керек. Астана бас қала деген атауға лайық болуға тиіс. Астана көркейсе, бүкіл еліміздің еңсесі биік болады. Астана Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі өзгерістерге ұйытқы болуы керек. Жалпы, қаланың күнделікті тыныс-тіршілігі ұдайы назарда болуға тиіс. Әкімге қаланың ахуалын жақсы жағына қарай өзгерту үшін бір жыл уақыт беремін. Сіздің жұмысыңыз менің бақылауымда болады. Барлық қажетті көмекті көрсетеміз. Бірақ жұмыстың негізгі өзегі – сіздің қолыңызда. Табыс тілеймін», – деп сөзін аяқтады президент.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз