Өңірде ауа-райының қалыптан тыс ыстық болуы және судың тапшылығы салдарынан төтенше жағдай жарияланып отыр. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Премьер-Министрдің өкімімен «Азаматтық қорғау туралы» заңның 48-бабына сәйкес, Жамбыл облысы Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов және Талас аудандарында қалыптасқан өңірлік ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Алдын ала есеп бойынша 9500 гектар алқап қуаншылықтан күйіп кеткен. Шығын көлемі шамамен 3,8 миллиард теңге. Жергілікті билік суғару маусымы аяқталғанша шығынның екі есе өсуі мүмкін екенін айтады. Диқандарға өтемақы Үкімет резервінен төленетін болды. Қазір барлық ауданда жұмыс тобы құрылып қураған алқаптарды тексеріп жатыр.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек тиісті үкім қабылданғанын айтады. Республикалық бюджеттен қаржы келіп, ауыл шаруашылығы басқармасының есеп-шотына түсуі керек. Оның айтуынша, құжаттар тапсырып үлгермеген шаруалар болса, оның бәрін 15 қыркүйекке дейін қабылдап, талдау жұмыстарын жалғастырмақ.