Депутат Айдос Сарым, мәжіліс отырысында Бас прокурор Берік Асыловқа тендерден 40 миллиард теңге ұтып алып, шартқа сай жұмысын орындамай отырған компанияны тексеруді сұрады.
Депутаттың айтуы бойынша Қазақстанның аумақтық қауіпсіздігі үшін 50 шекара заставасын салу жоспарланған. Өткен жылы соның 20-сы үшін тендер жарияланған. Оны 54 миллиард теңгеге жуық сомаға «Capital construction» және «Tolagai-2050» мердігерлік компаниялары жеңіп алған.
«Tolagai-2050» компаниясы, 40 миллиард 350 миллион теңге сомасына 15 шекара заставасын салуға тиіс болатын. Жұмыстарды орындау мерзімі 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін деп көрсетілген. Жылдың соңына дейін 17 күн қалды. Алайда жоғарыда көрсетілген шарт бойынша мерзім өрескел бұзылды. Бұдан басқа жұмыстың сапасына шағымдар түсуде», – деді депутат өз сөзінде.
Кейінгі мәлімет бойынша «Tolagai-2050» компаниясы бөлінген ақшаның тек 35 пайызын ғана игерген. Тіпті компания, бекітілген мерзімді 9 айға ұзартуды сұрауда. Бұл дегеніміз, жобаға қосымша қаражат кетуі мүмкін екендігін білдіреді.
«Tolagai-2050» компаниясы бүгінге дейін 80-нен астам, оның ішінде биылдың өзінде 10-нан астам азаматтық және әкімшілік сотқа қатысқан. Сот үкімі бойынша «міндетін адал орындамаушы» деп танылған.
Өткен жылдың 3 ақпанына дейін бұл компанияның құрылтайшылары тізімінде қайтыс болған Болат Назарбаевтың қызы Ақбота Назарбаева болған.
«Шекара заставаларын салу елдің аумақтық қорғанысын қамтамасыз етудің негізгі бөліктерінің бірі болып табылады. Құрылыс мерзімдерінің бұзылуы елдің аймақтық тұтастығын бұзу, есірткі мен контрабанда тасымалы, тыйым салынған өнімдердің заңсыз айналымы сияқты мәселелердің өршуіне, заңсыз көші-қон қаупінің артуына алып келуі мүмкін», – дейді депутат Айдос Сарым.
Осылайша депутаттар бас прокурордан компанияны тергеп-тексеріп, заң бойынша қажетті шешім қабылдауға шақырды.