Біреу бақыт – байлық, ал енді біреулері атақ-мансап, ал келесісі ата-анам бар, бауыр бар, көкірегімде жаным бар дер. «Достарым көп, серік бар. Он екі мүшем тағы бар» деп жатады… Сіздің ойыңызша бақыт деген не? Оның сыры неде?
Бақытты болуды әркім әр түрлі түсінеді. Ол әр адамның ұғымында әр түрлі қалыптасады. Негізінде адам баласы ұсақ нәрселерге де қуана білсе, соның өзі кішігірім бақыт сияқты.
Біз әдетте, бақыт деген нәрсені қолмен ұстап, көзбен көруге талпынамыз. Бақыт біз үшін зат секілді көрінетіні жасырын емес. Көп жағдайда адамдар оны алыстан іздейді. Менің ойымша, бақытты болу үшін ең алдымен өзіңді жақсы көріп, екіншіден айналаңдағы адамдарды да дәл өзіңдей жақсы көру қажет. Сол кезде сенің бағың еселеніп, ісің алға басады. Адам өзін жақсы көру арқылы өмірге деген көзқарасы оң бола бастайды. Әдетте біз көп жағдайда өзімізге көңіліміз толмайды. Ойымыздағы нәрсе орындалғанымен, іштей бірдеңе жетіспей тұрғандай болады. Бұл дегеніміз – өзімізді жақсы көрмеуден туындаған дүние. Ал егер өзіміздің тағдырымызға риза болса діттеген мақсатымызға жетеріміз анық. Екіншіден, айналадағы адамдарды өзімізден кем көрмеу. Олардың қол жеткізген жетістікеріне өзіміздің жетістігіміз секілді қуана білу керек. Біреудің қуанышына қуана білудің өзі үлкен өнер. Сол өнерді міндетті түрде дамытып отыруымыз қажет. Орта жолда тоқтап қалмаған абзал.
Бақытты болудың тағы бір сыры – өмірдің әрбір сәтінен тек қуанышты көре білу. Тағдырыңа разы болу. Соған мойынұсыну.