Күнделікті өмірімізде жасап жүрген кейбір әрекеттеріміз бізді алға сүйремек түгілі, керісінше, өз дамуымызға тұсау болуы мүмкін. Көп жағдайда адам қандай істің қандай нәтижеге апаратынын ойланбайды. Жақсылық жасаймын деп, кейде зиянға душар болады. Ал адамды ақымақ қылатын әдеттер қандай? Осы сұраққа тоқталып көрейік.
Уақытты босқа өткізу
Бос уақыт — кез келген адам үшін үлкен ресурс. Алайда, қазіргі қоғамда бұл уақытты тиімді пайдаланудың орнына, телефон шолып, әлеуметтік желіге тәуелді болу әдетке айналған. Мұның орнына бұрыннан оқығыңыз келіп жүрген кітапты қолға алып, таза ауада серуендеп, демалыс уақытыңызды өзіңізге пайдалы етіп өткізген дұрыс. Уақытты дұрыс басқаруды үйренген адам ертеңгі күнге сеніммен қарайды.
Жоспар құрмау
Көпшілігіміз күні қалай өтетінін нақты білмей, өз бетімізше әрекет етеміз. Бұрынғы адамдар күнделік жазып, әр ісін жоспарлайтын. Қазір бұл дәстүр ұмытылып барады. Адамдар көбіне жоспар құруға ерінеді. Бірақ нақты жоспар – табыс пен тәртіптің негізі. Күнделікті міндеттерді қағазға түсіру арқылы адам өз уақытын, энергиясын және ресурстарын тиімді бөле алады.
Жаман ортада жүру
«Кімді көрсең – соған ұқсайсың» деген сөз тегін айтылмаған. Адам өзі жүрген ортасына қарай қалыптасады. Егер айналаңыздағы адамдардың арманы жоқ, дамуға ұмтылысы болмаса – бұл сіздің де өсуіңізге кедергі келтіреді. Ал мақсатшыл, білімге құштар, рухани бай адамдармен аралассаңыз – олардың дағдысы сізге де жұғады. Орта – адамның болашағын анықтайтын басты факторлардың бірі.
Істі соңына дейін жеткізбеу
Көбі бастаған ісін орта жолда тастап, алғашқы қиындықтардан шегінеді. Бірақ табысқа жеткендер – дәл осы қиын сәттерден өте білгендер. Мотивация мен табандылық – табыстың басты кілті. Жарты жолда тоқтаған адам ешқашан нәтижеге жете алмайды. Ал қиындыққа қарамастан алға ұмтылған жан соңында жеңіске жетеді.
Айтар сөзді ойланбай айту
Адамды қиын жағдайға түсіретін нәрсенің бірі – сөзі. Кейде эмоцияға беріліп, ауыр сөз айтып қоямыз. Бірақ ол сөздің салдары қандай болатынын кейін ғана түсінеміз. Әр сөзіңізді салмақтап, мәдениеттілік пен сабырлылықты серік ету — зиятты адамның белгісі. Сондықтан сөйлер алдында ойланып, қажет болса – үндемей қалған жөн.
Ақылды көрініп, білімге ұмтылмау
Кей адамдар сырт көзге ақылды көрінгісі келеді. Ақыл айтады, бірақ өзі кітап оқымайды, зерттеу жасамайды, тек үстірт ақпаратқа сеніп өмір сүреді. Шынайы білім – тереңдік пен еңбекпен келеді. Білгеніңді дәлелдей білу – нағыз ақылдылықтың көрсеткіші. Сол себепті, сырттай емес, шынайы білімге ұмтылу керек.
Қазіргі қоғамда шынайы ақыл мен тәрбие – ең бағалы қасиеттердің бірі. Өзіңіздің әр ісіңізге жауапкершілікпен қарап, оның нәтижесін алдын ала ойлай білсеңіз – өз дамуыңыздың жолын дұрыс бағыттай аласыз. Адамды ақымақ қылатын — оның бейқамдығы мен немқұрайлылығы. Ал одан арылудың жолы – тәртіп, білім және ойлы әрекет.
Айгерим Тауекелова