ЖИ: мүмкіндік пе, әлде жұмыссыздыққа бастар жол ма?

0
7
фото: google

Қазіргі таңда жасанды интеллект (ЖИ) қоғам өмірінің барлық саласына қарқынды түрде еніп жатыр. Технологияның дамуы өндіріс тиімділігін арттырып, көптеген үдерістерді жеңілдеткенімен, оның көлеңкелі тұсы да жоқ емес. Солардың бірі — адамдардың жұмыссыз қалу қаупі. Жылдар бойы білім алып, белгілі бір мамандық иесі болуға дайындалған адамның орнын роботтың басуы — кез келген адам үшін үлкен күйзеліс.

Бүгінде жұмыс іздеп жүрген жандардың «Бұл жұмысты ЖИ арқылы істей саламыз» деген жауапты жиі еститін кезеңге жеттік. Бір кездері қиял болып көрінген жағдай қазір шындыққа айналды.

Жасанды интеллекттің еңбек нарығына кері әсер етуінің бірнеше негізгі себептері бар. Біріншіден, жұмыс берушілер үшін ЖИ өте тиімді: ол қателікке сирек жол береді, демалыс сұрамайды және шығыны аз. Екіншіден, мамандық таңдауда жіберілген қателіктер де жұмыссыздыққа алып келеді. Көп жағдайда адамдар өздері таңдаған мамандықтың болашағы мен өзектілігін ескере бермейді. Үшіншіден, технологияның тым жылдам дамуы адамдардың қайта оқып, жаңа жағдайға бейімделуіне мүмкіндік бермей отыр. Ал төртіншіден, бір ғана ЖИ жүйесі бірнеше адамның жұмысын бірдей атқара алады.

Бұл мәселе туралы ғалым әрі ойшыл Юваль Ной Харари де алаңдаушылық білдірген. Ол:

«Жасанды интеллект экономикаға қажеті жоқ жаңа “пайдасыз адамдар табын” қалыптастыру қаупін тудырады», — деп атап өтеді. Шынында да, мемлекет үшін экономиканың дамуы басты орында тұр. Ал экономиканың өсіміне үлес қоса алмай қалған азаматтардың әлеуметтік жағдайы төмендеп, қоғамда теңсіздік күшеюі мүмкін.

Егер жұмыссыздық мәселесі өз шешімін таппаса, бұл халықтың әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Сондықтан ЖИ-дің дамуын тоқтату емес, оған бейімделудің жолдарын қарастыру маңызды. Ең алдымен, жұмыссыз қалған азаматтарды қайта оқытуға жағдай жасау қажет. Қысқа мерзімді курстар арқылы болашағы бар мамандықтарға бағыттау — тиімді шешімдердің бірі. Сонымен қатар адамға тән қасиеттерді дамыту да аса маңызды. Эмпатия, креативтілік, интуиция секілді қабілеттер — роботтардың әлсіз тұсы.

Жасанды интеллектті қарсылас ретінде емес, серіктес ретінде қабылдау — заман талабы. Адам мен ЖИ бірлесе жұмыс істеген жағдайда ғана жоғары нәтижеге қол жеткізуге болады. Шығармашылық, сыни ойлау және коммуникация дағдылары — ЖИ толықтай алмастыра алмайтын құндылықтар.

Қорытындылай келе, технология дамуын тоқтатпайды. Сондықтан адам да соған ілесуі керек. Жасанды интеллект — қауіп қана емес, дұрыс қолдана білсек, үлкен мүмкіндік. Ең бастысы — өзгерістен қорықпай, заман талабына сай дамуға ұмтылу.

Айдидар Нүркен

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз