Қазақ жастары неге шетелдік жоғары оқу орындарын таңдайды?

0
7
фото:google

Соңғы жылдары қазақ жастарының шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге деген қызығушылығы айтарлықтай артты. Бұрын арман ретінде қабылданған шетелде оқу бүгінде нақты мақсатқа айналып отыр. Бұл үрдісті қате деуге болмайды, себебі оған әсер еткен факторлар аз емес.

Ең алдымен, жастар шетелдік білімнің сапасына ерекше мән береді. Көптеген шетел университеттері заманауи технологиялармен жабдықталған және тәжірибеге бағытталған оқу жүйесін ұсынады. Мұнда студенттер тек теориялық біліммен шектелмей, өз мамандығы бойынша нақты тәжірибе жинақтайды. Сонымен қатар халықаралық дипломдардың әлемдік еңбек нарығында сұранысы жоғары болуы да — жастарды қызықтыратын басты себептердің бірі.

Екінші маңызды фактор — мүмкіндіктердің кеңдігі. Шетелде білім алған жастар бірнеше шет тілін меңгеріп, өзге мәдениеттермен танысады. Бұл олардың дүниетанымын кеңейтіп, өмірге деген көзқарасын өзгертеді әрі өз-өзіне деген сенімділігін арттырады. Осы тұрғыда ЮНЕСКО деректеріне сүйенсек, Қазақстан шетелде білім алып жатқан студенттер саны бойынша әлемде 9-орында тұр.

Бұл ойды АҚШ-тың бұрынғы бірінші ханымы Мишель Обама да растайды:

«Шетелде білім алу мүмкіндіктері — дерлік шексіз».

Бұл сөздер жастардың басқа елдерде білім алып, тәжірибе жинақтау арқылы өз мүмкіндіктерін кеңейте алатынын аңғартады.

Дегенмен, бұл үрдістің кері тұстары да жоқ емес. Соның ең бастысы — «ми ағымы» мәселесі. Шетелде білім алған жастардың бір бөлігі елге оралмай, сол мемлекетте қалып қояды. Бұл өз кезегінде ел дамуына үлес қоса алатын білікті мамандардың азаюына алып келуі мүмкін.

Қазіргі таңда Қазақстанның ірі қалаларында шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары қарқынды түрде ашылып жатыр. Мысалы, MGIMO University (Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты), Cardiff University және Coventry University (Ұлыбритания) сияқты беделді оқу орындарының филиалдары елімізде жұмыс істей бастады. Мұндай университеттер саны артқан сайын, жастардың шетелге кетпей-ақ халықаралық деңгейдегі білім алу мүмкіндігі де кеңейе түспек.

Қорытындылай келе, жастардың шетелде білім алуға ұмтылысы — жаһандану дәуірінің айқын көрінісі. Бұл үрдісті тоқтату мүмкін емес, бірақ оны дұрыс бағыттау маңызды. Мемлекет сапалы білім беруге жағдай жасап, жастарға өз елінде де үлкен мүмкіндіктер бар екенін дәлелдей алса, шетелде білім алған жастардың елге оралып, Қазақстанның дамуына үлес қосуы әбден мүмкін.

Айдидар Нүркен

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз