Болашағым мен журналистикаға жолым

0
22

Жазғы демалыс. Ауылдағы алаңсыз күндердің бірінде отбасым мен туыстарым жиналған кеште тәтем жаңалық хабарлап тұрды. Сол сәтте мен өзіме болашақ мамандық пен арманымды таптым. Бұл тек камера алдында көріну емес, халыққа пайдалы ақпарат жеткізуге деген ынтамнан туындаған махаббат еді.

Мен әрдайым сырласуды, талқылауды ұнатамын, әсіресе шын жүректен айтылған әңгімелерді. Жаңа ортаға тез сіңіп кетемін, алайда жаңа адамдармен тым көп сөйлесе бермеймін. Бұл қасиетім бірнеше мектеп ауыстыру тәжірибемнен пайда болды: 1-3 сыныптарда Астанадағы 64 мектеп-лицейде оқыдым, кейін әкемнің жұмысына байланысты Шымкентке көшіп, 3 сыныпты аяқтадым, бастауышымды Алматыда тәмамдадым. 5 сыныптан бастап 11 сыныпқа дейін Астанадағы 66 мектеп-лицейінің түлегімін. Бұл тәжірибе мені әртүрлі ортаға бейімделуге, тіл табысуға үйретті.

10 сыныпта жаңа жыл кешінде әпкемнің Instagram парақшасында видеосюжеттерді көріп, журналистикаға деген қызығушылығым нығайды. Сол сәттен бастап менің болашақ мамандығым журналистика болуға бағытталды. Мұны мен саналы түрде таңдадым, эйфория емес, нақты мақсат пен жауапкершілік сезімімен.

Қазақстанның тарихын білу журналист үшін маңызды, себебі ақпаратты жеткізу кезінде оқиғалардың себеп-салдарын, мәдени және саяси аспектілерін дұрыс түсіну қажет. Тарихты білмеген адам өз болашағын қалыптастыра алмайды. Журналистика саласында шынайы, әділ болу, жауапкершілік пен жан-жақтылық – негізгі қасиеттердің бірі. Ешбір робот немесе жасанды интеллект бұл қабілеттерді алмастыра алмайды.

Мен жан-жақты дамуды ұнатамын және түрлі тақырыптарға қызығушылық танытамын. Мәселен, менің сюжеттерім мен мақалаларым:

  • “Кино әлемі”
  • “Медицина”
  • “Лило мен Стич қазақ дубляжі”
  • “Экстрим”
  • “Кафе қызметкерлері”
  • “Спорт”
  • “Такси жүргізуші бір күнде не көреді?”
  • “Стрессті қалай басқаруға болады?”
  • “Біздің өміріміздегі жасанды интеллект: қауіп пе, пайда ма?”
  • “Ыңғайлы көлікті қалай таңдау керек?”
  • “Жетістікке жетелейтін топ 10 мультфильм”

Психология адам өмірінде маңызды рөл атқарады, ол адамдарды түсінуге, эмоцияларын басқаруға, қарым-қатынасты тиімді ұйымдастыруға көмектеседі. Сол себепті мен Марғұлан Сейсебаевтың “Миссия выполнима. Технология счастливой жизни” атты кітабын оқып, өзімді дамытудамын.

Мен үшін шабыт көздері – Опра Уинфри, С.Керімбай және Қаныш Сәтпаев сияқты тұлғалар. Олар өздерінің өмір жолымен мені мотивациялайды.

Менің мақсатым – Лев Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінде (ЕҰУ) журналистика саласын оқып, өз қабілетімді толық жүзеге асыру. Бұл оқу орны мен үшін білім мен шығармашылықтың тоғысы, тек теориялық білім емес, өмірлік тәжірибе мен рухани дамуға жол ашады.

Болашақта мен қазақ тілін, орыс және ағылшын тілдерін дамытуға бағытталған жобаларды іске қосқым келеді. Бұл бағытта маған қолдау көрсететін жанымдағы адамдар – отбасы мен достарым. Олар менің екі қанатымдай, көкжиекке қарай еркін ұшуға көмектеседі.

Өмірлік ұстанымым: “Бүгінгі ісім – ертеңгі нәтиже”. Сондықтан болашақтағы жетістігім үшін барлығына дайынмын.

Аружан Ануарбекова


ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз