Мамандық таңдау – болашаққа бастар жол 

0
80
Фото: ЖИ

Мамандық – адамның өміріндегі ең маңызды таңдаулардың бірі. Бұл тек жұмыс істеп, ақша табу ғана емес, өзі сүйетін істің нағыз шебері болу. Адам өз ісін жүрек қалауымен атқарса, үлкен жетістіктерге жете алады. Мамандық – жай ғана диплом алу емес, бұл болашақ өмір жолын, ортаны және бақытты айқындайтын шешім. Осы таңдауда ата-ананың ықпалы баланы биікке жетелеуі де, керісінше, оның дамуына кедергі келтіруі де мүмкін.

Зерттеулерге сүйенсек, мектеп бітірушілердің 50–60%-ы мамандық таңдауда ата-анасының пікіріне тәуелді. Әрине, жақын жандардың қолдауы балаға сенім береді. Отбасы мүшелері баланың қабілетін байқап, оған дұрыс бағыт көрсетуге көмектесе алады. Алайда көптеген ата-аналарда «Мен жете алмаған арманға сен жет» немесе «Біздің әулетте бәрі заңгер» деген көзқарас бар. Мұндай ұстаным жас тұлғаның еркін қалыптасуына кері әсер етеді.

Бүгінде ата-аналардың көбі әлі де «тұрақты» деп саналатын мамандықтарды (экономист, заңгер, мұғалім және т.б.) қауіпсіз көріп, балаларына ұсынады. Бірақ болашақ – технология дәуірі. Мысалы, IT және цифрлық технология салалары қарқынды дамып келеді. Оксфорд университетінің мәліметінше, алдағы 20 жылда қазіргі мамандықтардың 47%-ы жойылуы мүмкін. Осындай қате көзқарастардың салдарынан ТМД елдерінде жоғары оқу орнын тәмамдаған түлектердің шамамен 60%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Олар мамандық иесі болғанымен, өз ісінен ләззат алмай, күйзеліске түсіп, жұмыстан шығып жатады. Ал ата-ананың «сен әлі жассың, түсінбейсің» деп баланың орнына шешім қабылдауы баланың болашақта жауапкершіліксіз, өзіне сенімсіз болып өсуіне әкелуі мүмкін. Франция президенті Эммануэль Макрон айтқандай: «Егер сіз жауапкершіліктен бас тартсаңыз, бостандықтан да бас тартасыз». Яғни, өзгенің шешімімен өмір сүру – өз еркіндігіңнен айырылу деген сөз.

Бұл мәселені қалай шешуге болады?

Біріншіден, шешім қабылдар алдында ата-ана мен бала бір-бірін тыңдай білуі қажет. Бала не себепті дәл осы мамандықты таңдағанын нақты дәлелдермен түсіндіруге тырысуы керек. Ал ата-ана баланың пікірін жоққа шығармай, оның ішкі қалауын түсінуге ұмтылғаны жөн. Әрине, ата-ана өз тәжірибесіне сүйеніп кеңес бере алады, бірақ соңғы шешімді бала қабылдауы тиіс. Өйткені сол мамандықпен өмір сүретін – ата-ана емес, бала. Сонымен қатар, кәсіби мамандардың кеңесіне жүгініп, психологиялық тесттер арқылы баланың қай салаға бейімі бар екенін анықтау маңызды.

Екіншіден, тұлғаның қалыптасуы өз қателіктері мен жеңістерінен тұрады. Ата-ана баланың таңдауына сенім білдірсе, оның бойында жауапкершілік пен жігер қалыптасады. Бала өзін отбасының толыққанды мүшесі ретінде сезініп, қабылдаған шешіміне ересек адамша байыппен қарай бастайды. Ол тек жауапкершілікті ғана емес, мақсаткерлікті, ата-ананың қолдауы мен сенімін де сезінеді.

Қорытындылай келе, мамандық таңдауда ата-ананың ең үлкен көмегі – баланың таңдауына кедергі келтірмей, оны қолдау. Ақыл айту мен қысым көрсетудің арасындағы шекараны білу өте маңызды. Егер бала архитектор болғысы келсе, оны дәрігер немесе экономист болуға мәжбүрлеудің еш пайдасы жоқ. Мүмкін, ол болашақта әлемге танымал архитектор болар. Француз философы Жан-Жак Руссо айтқандай: «Баланы белгілі бір мамандыққа баулудан бұрын, оны өз бетімен шешім қабылдауға үйрету керек. Ең жақсы ата-ана – баласының қанатын қайырмай, оның биікке самғауына жағдай жасаған адам». Сондықтан балаңыздың таңдауын құрметтеп, оған сенім білдіріңіз.

Айзере Құрманова, 9-сынып оқушысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз