Қазіргі таңда буллинг мектеп өмірінің бір бөлігіне айналып бара жатыр. Жыл сайын қорлық көріп, кемсітуге ұшырайтын оқушылардың саны артуда. Статистикаға сүйенсек, шамамен әрбір бесінші оқушы осындай жағдаймен бір рет болса да бетпе-бет келеді. Бірақ неге оқушылар буллингке ұшырағанын мектеп психологына немесе ата-анасына айтуға қорқады?
Буллинг – жай ғана балалардың өзара ерегесуі емес. Бұл – бір адамның екінші адамды жүйелі түрде қорлап, кемсітіп, оқшаулау әрекеті. Мектеп тек білім беретін орын ғана емес, сонымен қатар оқушының өзін қауіпсіз сезінетін ортасы болуы тиіс. Психологтардың пікірінше, кейбір балалардың ата-анасымен немесе мұғалімдермен ашық сөйлеспеуінің себебі – ата-аналардың жұмысбастылығы. Ата-аналар көп уақытын жұмыста өткізгендіктен, бала өз мәселесін ішіне сақтауға мәжбүр болады. Мұндай қысым баланың күйзеліске түсуіне, тіпті ауыр жағдайларға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар кейбір балалар қорқыту мен қорлаудан сескеніп, бұл туралы айтуға батпайды.
Осындай қайғылы жағдайлардың бірі Фиби Принс есімді қыздың өмірінде болды. 2010 жылы Массачусетс штатында өмір сүрген 15 жастағы қыз жаңа ортаға көшіп келіп, мектепке оқуға түседі. Бірақ жаңа мектепте ол жүйелі түрде қорлыққа тап болады. Үш ай бойы оқушы мектеп дәлізінде қорланып, әлеуметтік желілерде оған қарсы өшпенділік парақшалары ашылған. Мектеп әкімшілігі бұл жағдайға дер кезінде мән бермеген. Ақырында ауыр психологиялық қысымнан кейін қыз өз-өзіне қол жұмсаған.
Мектептегі қорлау мен қатыгездікке жол бермеу – барлығымыздың ортақ міндетіміз. Біреудің қиналғанын байқасақ, бейжай қалмай, көмек қолын созу маңызды. Әрбір оқушының мектепке қорықпай келуі үшін қоғамда бір-бірімізге мейірімділік пен сыйластық көрсетуіміз қажет.
Айзере Құрманова, 9-сынып оқушысы
























































