«Kazaknews.kz» бүгінгі күннің өзекті мәселелерін қозғайтын сайт болғандықтан, сайт ұжымына және оқырмандарға зор табыстар тілеймін! 8 наурыз Халықаралық әйелдер мейрамы құтты болсын!
“Ақындықтан қиындық көрмедім”
–Әңгіменің әлқиссасын әйелден бастасақ. Әйел кім? Қазіргі қоғам әйелдің бағасын біледі ме?
-«Біздің қоғамда әйел адам кім?» деген сұрақтың өзі бүгінгі күнгі өзекті мәселелердің бірі дер едім. Өйткені, мына қоғамның екпіні күшейген сайын біз асығып жүгіріп бара жатып бір қажетін ұмытқан адам сындымыз. Бұл асығыс қоғамда біз талай нәрселердің құнын түсіріп алдық па, кейбір құндылықтарды жоғалтуға айналдық. Қазір сондай кезеңдеміз. Ал бұл жалпы әйел адам кім деген мәселеге тікелей байланысты. Оның салдары ата-анаға деген құрмет, оның ішінде анаға деген құрмет, тек өз анаңа ғана емес, жалпы әйел адамға деген құрметтің кейбір жерлерде құны түсіп кетуіне алып келеді. Қазір асығыс заман. Жалпы әйел адам асығу үшін жаратылған жан емес. Әйел, ең алдымен, бала тәрбиелеу үшін жаралған ғой. Баланы асығыс тәрбиелемейсің. Бірақ сол асығыстық, бірдемеге тезірек үлгеруге деген ұмтылыс балалардың қалыпты өсуіне және тәрбиесіне кемшілігін түсіріп жатыр. Анасынан не нәрсені де асығыс үйренген баланың тәрбиесі шалалыққа алып келді. Ал тәрбиесі шала баладан үлкен нәрсе күтуге бола ма? Әйелге деген ілтипаттың төмендеуіне де сол себеп болады деп ойлаймын. Қыз балаларға қиянат көрсету жағдайы қазір қоғамда көп кездеседі. Мұны қазір күнделікті әлеуметтік желілерден жиі көріп отырмыз, адамның жүрегі ауырады. Қыз балаларды жұмысқа алмау деген де мәселе бар. Ол тіптен өзекті. Өйткені бүгінгі жұмысқа басы бос, қандай жұмысқа да аямай салатын, қандай жұмыста да шаршамайтын, ешқашан ешкімге дауыс көтермейтін, бәріне көнетін, кәдімгі көнбіс робот сияқты адамдар керек. Қыз бала олай бола алмайды. Өйткені, ол ана, болашақ ана. Мұны ескеру қажет.
– Ақын әйелдің көзқарасымен әйел бақыты неде? Шығармашылық пен отбасы, ошақ қасының таразысы тең түсе ме?
-Табиғат о баста әйел затының бойына шығармашылықты немесе өзге де ерекше қабілетті берген болса, онда оны әйел адам ешқашан ауырсынбайды. Өйткені ол – табиғи болмысы оның. Әрине, өзіндік қиындық болады. Бірақ мұндай жағдайда әйелге Жаратушы Иеміз үйдің шаруасын да, бала тәрбиесін де шығармашылықпен ұштастырып, қос жұмысты ризашылықпен қатар атқара алатын қуатты да қоса береді. Мәселен, Дина күйшіні барлық қазақ тарихтан біледі. Былай қарасаңыз, ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында әйелдің қоғамдағы рөлінен бұрын, оның ән айтуы, домбыра шертуіне үрке қарайтын уақытта Дина үлкен өнер деңгейіне жетті. Ал бұл бәрінен бұрын Жаратқан иенің бойға салған қуат-күшінің арқасы. Бұл күш-қуат әйелді қандай жағдайдан да алып шығады. Мен ақындықтан ешқашан қиындық көрген жоқпын. Рас, үйдің шаруасы кейде кенжелеп, кейінге қалып қояды. Бірақ оған қалай да уақыт табасың. Түн бар емес пе? Жұрттың бәрі ұйқыға кететін. Сол уақыт үй шаруасын да, шығармашылықты да ыңғайлауға ең ұтымды мезгіл.
“Шетелдіктер қазақ қыздарына өте құштар”
– Қыз тәрбиесіндегі ең басты қағида
-Мына қағиданы басшылыққа алу керек деп ережелеп айту өте қиын. Бала бірінші кезекте анасына қарап өседі. В.И.Вернадский деген жаратылыстанушы ұлы ғалым «Қазір екі мың жылға созылған балықтар дәуірі аяқталып, су құйғыштар дәуірі басталып жатыр. Осы кезеңде әйел адамның белсенділігі артады» дейді. Мен қоғамда, әлемде болып жатқан оқиғаларға қарап отырып, сол сөздің растығына көзім жеткендей болады. Өйткені, қазір лауазымды қызметтердің тұғырында әйелдердің қарасы көп, белсенді әйелдер басым. Қыз баланы тек отбасы ғана емес, қоғамның да тәрбиелейтінін ескеру қажет. Ең басты мәселе – қыз тәрбиесінде ұлттық болмыстың ұмытылмауы. Әйел затының белсенділікке ұмтылған заманында қыз баланың бойынан сол белсенділікті өлтіріп алмау. Бетінен қаға бермей, қолдау білдіріп, өжет те намысты етіп өсіріп, бағыт сілтеу өте маңызды. Балам өзіме ұқсасын деу де кейде дұрыс бола бермейді. Әр баланың өз бағыты, өз несібесі, өз қалауы бар. Өз қалауынан күшпен бұрып әкетудің пайдасы аз болады. Өсіп келе жатқан жасқа қоғамның да берері бар.
– Қазақ қыздарының шетелдіктерге тұрмысқа шығуына жеке көзқарасыңыз қандай?
-Көзқарасым аса оң деп айта алмаймын. Өйткені, біз өте аз халықпыз. Біз ұлттық болмысты сол себептен сақтап қалуға тиістіміз. Бұл жерде бәлен деп кесіп айта алмайсың. Бірақ қазақ қыздары қазақ жігіттеріне тұрмысқа шықса, бұл құба-құп. Шетелдіктер қазақ қыздарына өте құштар. Оның ең басты себебі, қазақ қыздарының ұлттық болмыспен бойына сіңген ерекше жағымды қасиетерінде. Шетелдіктер сол құндылықты бағалап жатыр. Өзіміз өсірген қыздарымыз – ертеңгі күнгі өз қазағымызды көбейтетін бақ-байлығысыз. Әркімнің маңдайына берген бағы бар. Бағың қалай қарай тартады, бұйрық қалай болады, солай қарай кетесің. Тағдыр да әр қилы.
– Қазақ ауылындағы жүз жылдық қалыптасқан тұрмыс – барымта, қалың мал беріп, қыз айттыру немесе соның бір көрінісі «Бақытсыз Жамалдағы» Жамал, «Қалың малдағы» Ғайша әйел теңсіздігінің құрбандары. Аталған кейіпкерлердің сол уақыттағы аса ауыр тағдыры әлі күнге дейін қаузалып келе жатқан тақырыптардың бірі, тіпті мектеп бағдарламаларында да бар. Қазір заман басқа, адам басқа, көзқарас тың, пікір сан алуан. Бұл кейіпкерлердің тағдыры енді қазақ қыздары үшін өзекті ме?
– Сіз атаған шығармаларда ұлттық менталитетіміз, қыз баланың сол кездегі мінез-құлқы, кейбір ата-аналардың болмысы туралы айтылған. Бірақ бүгін біздің әдебиетті де, ұстанымды да дәл соның шеңберіне салып қарай алмаймыз ғой. Ол кездегі әдебиеттің заманға сай атқарған қызметі болды. Аталған шығармаларды әдебиеттен мүлдем алып тастауға болмас, балалар әдебиеттің жүріп өткен жолын білуі керек. Әдебиет бүгін ғана пайда болған жоқ. Бірақ бүгінгі қазақ әдебиеті пәніне жаңа замандағы әдеби шығармаларды көбірек енгізу қажет. Өйткені қазіргі баланың талғамы өзге. Пән білім алушының талғамына негізделуі керек.
“Қоғамды дамытуға әйелдер де кірісуі керек”
– Қазіргі қазақ поэзиясында жаңашыл әйел образын жасауда фобия бар ма?
Жоқ деп айтуға болмас, әрине бар. Бұрынғы поэзия мен қазіргі поэзияда анау айтқандай өзгеріс бар деп айтуға келмес. Рас, бүгінгі күнгі жас ақын қыздарда ашықтық бар, батыл айта алады. Кейбір ақындар әйел образын әдемі береді. Бірақ әйел адамдарға анайы қарап, анайы жыр арнайтын небір өлеңдер де бар. Бірақ мұның бәрін әйел образын жасауда бағыт деп ала беретін болсақ, ол поэзияны көркейтпейді. Поэзия өзінің классикалық бағытын бәрібір ұстануы қажет. Қоғамды алға сүйрейтін, образдың символдық бейнесін сақтап жүретін поэзия ғана өмір сүреді. Ал жеңіл-желпі жазылған, неше түрлі ән мәтіндері, өлең жолдары ол уақытша ғана, ғұмырлы емес. Дегенмен, өлеңдерінде әйелдердің образын керемет келтірген қаламы жүйрік ақындарды да жоққа шығара алмаймыз.
-Әйел бақытының құндылықтары қазір өзгерді ме?
-Бұрынғы заманда әйел бақыты не десек сол уақыттағы әйелдер отбасым, тұрмысым, мал-жаным деп жауап берер еді. Қазіргі заман әйелдерінде солармен қоса, қоғамдағы орнын белгілеп алу деген қажеттілік бар. Ол дұрыс. Оның үстіне бұл қажеттілік біздің қазаққа ауадай қажет. Неліктен? Өйткені біз аз халықпыз. Біздің қоғамды дамытуға тек ер адамдар ғана емес, әйелдерде білек сыбана кірісуі керек. Бәріміз жұмылып жұдырық болмасақ, оның орнын басып алуға дайын тұрған, іргеден сығалап жүргендер өте көп. Әйел адамның көкірегінде осы қоғамға қызмет етейін деген арманы бар ма, ол арманды өлтірмей, ұштау керек. Әйел адам мықты жаратылыс, ол отбасын да, қызметін де бірге алып жүре алады. Әйел қырық шырақты дейді ғой. Сол қырық шырақ түгел жанатын кезі болады. Сондай кезде ол қоғамға көп пайда келтіре алады. Сондықтан, қоғам нәзік жандыларды бағалап, оның қабілетін ілгері жетелеуге ниетті болса, әйел алмайтын асу жоқ.
-Журналист қыздарға нені басты назарда ұстауға кеңес берер едіңіз
-Журналист қыздар журналист болуы керек. Яғни, мына журналистиканың ауыр жұмысын мойындауы тиіс. Ол бір. Екіншіден, білім керек. Білімі терең болса, ештеңеден қиындық көрмейді. Білім таяз болса, алған тәжірибені қорытып шығару қиынға соғады, соңында қазақ журналистикасы нашар деген әңгімеге түрткі болады. Сондықтан, мен болашақ журналистерге білім алыңдар деймін, көп оқу қажет. Журналистикаға келген балалардың қай қайсысы да қара жаяу емес, олардың көкірегінде түйгендері бар. Соның түйінін шешу керек. Оны шешіп, мұхит-көңіліңнің дариясын ашып беретін кілт біліммен табылады.
Сұхбаттасқан kazaknews.kz тілшісі Сафина Саид