2020 жылы Қазақстанның мәдениет саласында қандай жаңалықтар болады?(фото,видео)

0
196

30 қаңтар күні Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова кеңейтілген алқа мәжілісінде 2020 жылы мәдениет саласында атқарылатын негізгі жұмыстарды атады.

“Биыл мәдениет саласында Қазақстан мәдениетінің ғылыми-зерттеу институтын құрып, институт жанынан материалдық емес мәдени мұра орталығын ашу жоспарланып отыр. Сонымен бірге, бірыңғай концерттік кеңістікті қамтамасыз ету, жоғары көркемдік өнім жасау үшін концерттік-гастрольдік қызметті үйлестіру және жоспарлау орталығын ашу көзделген. Сол секілді биыл ғылыми-әдіснамалық білім ресурстық орталығын құрып, министрліктің білім ұйымдары үшін “Мектеп оқушыларының мәдени нормативінің” жобасын әзірлеу жоспарланған”, – деді министр .

Сондай-ақ, министр спорт саласындағы жоспарларды да атады. Оның айтуынша, бұқаралық спортты дамыту бойынша кешенді жоспар қабылданады. Сондай-ақ, Дүниежүзілік допингке қарсы кодексті бұзудың алдын алу жөніндегі жұмыс жалғасып, Токиодағы Олимпиада ойындарында ұлттық құрама командалардың табысты өнер көрсетуі бағытында жұмыстар күшейтілмек.

Тарихи ғимараттардан мәртебесі сақтала ма?

Мәдениет және спорт министрінің айтуынша, бүгінде өңірлердегі тарихи-мәдени нысандардың тиісті деңгейде сақталу проблемасы өзекті болып отыр.

“Мұнда келген әріптестерімнің назарын сала дамуындағы бірқатар проблемалық мәселелерге аударғым келеді. Өңірлерде халықтың барлық санатына мәдениет және өнер нысандарына қол жетімділік артып келеді. Ендігі кезекте халықтың осы нысандарға баруын қамтамасыз ету, мәселен, мектеп оқушыларын өз өңірінің киелі жерлерімен таныстырудың кестесі қарастырылуы керек. Бұндай шараларды жалпы ересек азаматтардың мәдени-рухани құндылықтарын арттыру мақсатында еңбек ұжымдарында да қолдануға болады. Жалпы осы жұмыстың нақты тетіктерін анықтауымыз қажет”, – деді Ақтоты Райымқұлова Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Өткен жылы не өзгерді?

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50 пайызға дейін, өңірлерде 35 пайызға дейін өскен. Жалпы, шамамен 36,4 мың адамның, оның ішінде республикалық деңгейде 3 мыңға жуық, өңірлерде 31 мыңнан астам адамның жалақысы өскен.

Министрдің айтуынша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап дене шынықтыру және спорт саласы қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 2023 жылға дейін 25 пайызға ұлғаяды.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз