Екібастұздағы апат: Президент тапсырма берді

0
159
фото: экспресс к

Мемлекет басшысы Үкіметке және облыс әкімдігіне таяу күндері Екібастұздағы жағдайды қалыпқа келтіру, қаладағы ауыр ахуалға жол берген адамдарды жауапқа тарту жөнінде тапсырма берді, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі Ortcom.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы Президенттің Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook парақшасында жазды.

“Мемлекет басшысы Премьер-Министр Әлихан Смайловқа еліміздің қалаларындағы проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырды. Себебі аталмыш активтерді сапасыз басқару салдарынан жылу электр стансалары апатқа жиі ұшырап, тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ете алмай отыр.

Екібастұзда орталық жылу берудің тоқтап қалуынан хабардар болған Президент қала тұрғындарының жағдайына алаңдаушылық білдірді. Тұрғындарға тиісті көмек беріледі. Мемлекет басшысының пікірінше, азаматтардың тұрмыс-тіршілігіне қиындық тудыруға және олардың құқын аяқасты етуге жол беруге болмайды”, – деп хабарламада айтылған.

ҚазАқпарат хабарлауынша 26-сынан 27 қарашаға қараған түні Екібастұз жылу желісінде апат болды. Екібастұз ЖЭО-сындағы бір қазандық істен шығып, он минуттан кейін тағы үшеуі тоқтаған. Осыған байланысты Азаматтық қорғау туралы заңның 48-бабына сәйкес Екібастұз қаласының аумағында жергілікті ауқымда техногендік сипаттағы төтенше жағдай енгізілген. Қалада жылу болмауына байланысты балабақшалар жұмысын тоқтатып, мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшкен. Жалпы, Екібастұзда 25 мектеп және оларда білім алатын 21 341 оқушы бар.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз