8 ақпан Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев 2018 жылы атқарылған жұмыстары жөнінде есеп берді.
Қала басшысының сөзінше, Түркістанның 2018 жылғы жалпы өңiрлiк өнiмi 74 млрд 803 млн теңгенi құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға артты. Бұны жан басына шаққанда 452 мың теңгені құрап, 12 пайызға көбейген.
«Жалпы Түркістанды «Қазақстанның рухани орталығы ретінде қалыптастыру мақсатында Бас жоспарға сәйкес қала құрылысы мен сәулеті үш бағытта жүргізілетін болады. Бірінші 88,7 гектар жерге орналасқан Қ.А.Ясауи кесенесінің маңындағы «Тарихи аймақтағы» 18 нысанды қайта жаңғырту жоспарланған. Екіншісі «Рухани-мәдени орталық» аймағында 98 гектар жерге «Ұлы дала елі» кешенін, «Қожа Ахмет Ясауи мұражайы», «Амфитеатр», «Шығыс моншасын», «Су бұрқақ», «Қабылдау Орталығы» мен «Түркі халықтарының ғылыми кітапханасын» салынады.
Үшінші 700 гектарды құрайтын әкімшілік-іскерлік орталығының аймағында облыстық әкімдіктің, басқармалар мен департаменттер ғимараттарының және тұрғын үй кешендерінің құрылысы басталып, Медиа орталығы мен Оқушылар сарайының, спорт, мәдени кешендерінің, «Конгресс Холл» мен әлеуметтік нысандардың іргетасы қаланды. Осылайша жәдігер қаламыз өзінің тарихи құндылығын сақтай отырып, заманауи үлгіде қайта жаңғыртылатын болады», – деді қала әкімі.