АҚШ Ауғанстандағы операциясын 31 тамызда аяқтайды

0
85
АҚШ президенті Джо Байден. Photo: Video screen

АҚШ Ауғанстандағы барлық әскери операциясын, шетел азаматтары мен ауғандарды эвакуациялауды да 31-тамызда аяқтамақ. Бұл туралы 24 тамызда АҚШ президенті Джо Байден айтты.

Сейсенбіде Байден “Талибан” қозғалысы билікке келгеннен кейінгі Ауғанстандағы жағдайды “Жетілік топ” жетекшілерімен талқылап, тілеулес одақтастарына ықылас білдірді. G7 жетекшілері барлық мәселе бойынша ынтымақпен жұмыс істеуге мақұлдасты.

Байден АҚШ Қорғаныс министрі мен Мемлекеттік департамент басшысына Ауғанстаннан АҚШ әскері шығарылар қарсаңда түрлі жағдайға дайын болуды тапсырғанын айтты. “Біз Ауғанстанда неғұрлым ұзағырақ болған сайын террор қаупі де күшейе түседі”, – деді ол.

Бұған дейін Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон да АҚШ әскерінің Ауғанстаннан шығып кету мерзімі ұзартылмайтыны, тамыздың 31-іне аяқталатыны жөнінде сөз еткен еді.

Ақ үйдің ақпаратына қарағанда 24 тамызда өткен “жетілік” жетекшілерінің жиынында Байден “Кабулдағы АҚШ миссиясы алға қойған мақсаттарына жетуіне орай аяқталды” деген және аяқталар күн ретінде тамыздың 31-ін атаған.

Джонсон Британия мен АҚШ және тағы да басқа одақтас елдер тамыздың 31-інен кейін де Ауғанстаннан кеткісі келетіндерге кедергі келтірмеуді тәліптерден талап ете беретінін мәлімдеді. Алайда бұл талапты қалай тәліптерге орындатары белгісіз. Сейсенбі күні “Талибан” өкілі мұнан әрі әуежайға шетел азаматтары ғана жіберілетінін, ауғандарға рұқсат берілмейтінін мәлімдеген.

15 тамызда тәліптер Кабулды алған соңы Ауғанстаннан ондаған мың адам эвакуацияланды. Тағы да қанша адам эвакуациялануға тиістігі белгісіз. Тәліптер эвакуация рейстеріне кедергі келтірмеді, бірақ шетелдің барша әскери қызметкері 31 тамыздан қалмай Кабул әуежайынан шығып кетеді деп күтіп отырғанын бірнеше рет қайталады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз