Әлемдегі ең бай адам жеке ракетасымен ғарышқа ұшты

0
316
Америкалық миллиардер, Amazon негізін қалаушы Джефф Безос.

20 шілдеде әлемдегі ең бай адам, америкалық миллиардер Джефф Безос ғарышты бағындырды. Ол інісі Марк Безос, 82 жастағы америкалық әйел авиаторлордың бірі Уолли Фанк және 18 жастағы Оливер Деймен ғарышқа ұшып келді.

Безос негізін құрған Blue Origin компаниясы жасап шыққан New Shepard кемесі оларды “ғарыш шегі” саналатын Карман сызығына дейін алып шықты. Бұл сызық теңіз деңгейінен 100 шақырым биіктікте орналасқан.

АКШ-тың Техас штатындағы Ван Хорн шетінен ұшып шыққан New Shepard кемесінің Жерден ең биік көтерілген шегі 106 шақырым болды. Экипаждың жалпы сапары 10 минут 20 секундқа созылды. Жолаушылар 3-4 минут ғарыш кемесінің ішінде қалқыған жағдайды сезіне алды. Одан кейін астронавтар отырған капсула АҚШ-тың Техас штатындағы арнайы мекенге қонды.

Әлемдегі ең бай адам Джефф Безос Blue Origin компаниясын 2000 жылы қалап, одан бері ғарыш туризмін жүзеге асыруды жоспарлап келген. Енді компания ғарышқа ұшқысы келетіндерге билет сатады. Бірақ бір билеттің құны қанша болатыны әзірге айтылмады.

Тоғыз күн бұрын британдық миллиардер бизнесмен Ричард Брэнсон Virgin Galactic компаниясы құрған аппаратта ғарышқа ұшқан.

57 жастағы Джефф Безос Blue Origin компаниясынан бұрын, 1994 жылы интернет арқылы сауда жасайтын Amazon компаниясын құрған.

Ол Forbes журналының әлемдегі ең бай адамдардың тізімінде бірнеше жылдан бері бірінші тұр. Оның байлығы пандемияға қарамастан 2020 жылы 64 миллиард долларға көбейген. Қазір америкалық бизнесменнің жалпы байлығы 200 миллиард доллардан асады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз