Ұлыбритания патшайымының күйеуі Филипп ханзада қайтыс болды

0
207
Филипп ханзада.

Ұлыбританияның тақ мұрагері Чарльз ханзаданың әкесі Эдинбург герцогы Филипп ханзада 100-ге қараған шағында өмірден озды. Бұл туралы Букингем сарайы хабарлады.

Глюксбург династиясынан шыққан Филипптің Грекияның және Данияның ханзадасы деген титулы болған, ол Грекия патшасы І Георгтың немересі, І Константин патшаның немере інісі болды.

Бұған қоса ол Дания патшасы IX Кристианның, ағылшын патшайымы Викторияның, Ресей императрицасы Александра Федоровнаның және император І Николайдың туысы еді.

Филипп ханзада британ флоты құрамында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты, Жапонияның капитуляциясы туралы актіге қол қою сәтіне куә болды. Оқып жүрген кезінде алыс туысы болып келетін Елизаветамен танысқан соң, неміс фамилиясы мен православ дінін англикандыққа ауыстырып, екеуі 1947 жылы шаңырақ көтерді.

Зайыбы британ патшайымы ретінде таққа отырған соң әскери қызметін тастап, Филипп ханзада 2017 жылға дейін патша отбасының шаруасымен айналысты. Осы аралықта ол 22 мыңнан астам шараға қатысқан. Филипп ханзада 22 жыл бойы Халықаралық ат спорты федерациясын, 15 жыл бойы Дүниежүзілік жабайы табиғат қорын басқарған.

Британ ханзадасы ретінде ол әлем елдерінің жүздеген басшысымен, соның ішінде Джон Кеннеди, Леонид Брежнев, Иосип Броз Тито, Ли Сяньнянмен және Борис Ельцинмен кездескен. Бұған қоса ол Ұлыбританияның, Австралия мен Жаңа Зеландияның барлық әскер түрлерінің офицері болды және патша отбасының өкілі ретінде жүздеген елдің наградаларымен марапатталды.

2020 жылы қарашада Елизавета патшайым мен Филипп ханзада үйленгенінің 73 жылдығын атап өтті. 2021 жылы ханзада ауруханаға жатқызылып, бір айдай емделді.

Британ ханзадасы 100 жасына екі ай қалғанда өмірден өтті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз