Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясы өтіп жатыр

0
106
БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясы. АҚШ, Нью-Йорк. Photo: MFA Qazaqstan

21 қыркүйекте АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясы ашылды. Жиынға Қазақстан делегациясын елдің сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастап келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел атынан бейнеүндеу жасайды. Бұл туралы СІМ хабарлады.

БҰҰ БА сессиясының тақырыбы “Жақсылыққа сеніммен өмірге төзімділікті нығайту”. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер пандемиямен күрес, жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылық, орнықты даму, сондай-ақ климаттың өзгеруі.

Министрлік Ауғанстандағы жағдайға ерекше назар аударылатынын мәлімдеді.

Сессия шеңберінде жоғары деңгейдегі бірқатар іс-шара, оның ішінде азық-түлік жүйелері жөніндегі саммит, энергетика жөніндегі жоғары деңгейдегі диалог, COVID-19 жөніндегі жаһандық саммит, теңізге шыға алмайтын дамушы елдер тобына мүше мемлекеттердің министрлік кездесуі, ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуіне жәрдемдесу жөніндегі министрлік конференция өтпек.

Нью-Йоркке 120-ға жуық шет мемлекеттердің өкілдері келіп, пікірталастарға қатысады. Бас халықаралық мінберден әлемге 196 БҰҰ-ға мүше елдер және байқаушылардың мемлекет, үкімет, сыртқы саяси ведомстволарының басшылары мен жоғары өкілдері сөз сөйлейді.

Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы басшысы бірқатар екіжақты кездесулер мен көпжақты іс-шараларға қатысады. Бірінші күні Министр Тілеуберді Литва сыртқы істер министрі Габриэлюс Ландсбергис, Сингапур сыртқы істер министрі Вивиан Балакришнан, Аустрия сыртқы істер министрі Александр Шалленберг, Сирия сыртқы істер министрі Фейсал Микдад және Черногория сыртқы істер министрі Джордже Радуловичпен екіжақты бөлек келіссөздер жүргізген.

СІМ министрі Мұхтар Тілеуберді Аустрия канцлері Себастьян Курц ұйымдастырған “Ауғанстан халқын, әсіресе Ауғанстан мен өңірдегі әйелдер мен балаларды қорғау” Ауғанстан бойынша жоғары деңгейдегі дөңгелек үстелге қатысқан.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз