Путин кезекті жолдауында не айтты?

0
365
Ресей президенті Владимир Путин. Photo: Kremlin.kz

21 сәуірде Ресей президенті Владимир Путин 17-ші рет Федералдық жиналыcта халыққа жолдау жасады. Бір сағаттан аса сөйлеген Путин Мәскеумен байланыста “қызыл сызықтан” өткендерге, “қатаң жауап болатынын” айтты.

Путин бұл жолдауын Мәскеу мен Батыстың арасы суыған сәтте, Украинаның шығысында қақтығыс қаупі төнген тұста жасады. АҚШ пен Еуропа одағы Ресейді Украинаның шығысындағы сепаратистерді қолдады, Украинамен шекара маңына 100 мыңнан аса солдат қойды деп айыптайды. Батыс Мәскеуге Навальныйды қамағаны және Украинаның шығысындағы әрекеттері үшін бірнеше рет санкция салған.

“Біз халықаралық қауымдастықтың барлық өкілдерімен, кейінгі кезде байланысымыз нашарлап кеткен тараптармен жақсы қатынаста болғымыз келеді. Бірақ біздің адал ниетімізге бейқамдық я әлсіздік деп қараса, көпірді өртеп я жарып жібергісі келсе, Ресейдің жауабы жылдам әрі қатаң болады” деді Путин жолдауында.

Ол  Киплингтің “Джунгли кітабын” еске алып, Ресейге “тиіскен” елдерді Шерхан жолбарыстың маңын торуылдап жүретін “қорқауларға” теңеді.

“Бізге қарсы шыққандар істеген ісі үшін қатты өкінетін болады. Ресеймен қарым-қатынаста “қызыл сызықтан” өтуге ешкімнің дәті жетпейді деп ойлаймыз. Ал “қызыл сызық” қай жерден өтетінін біз өзіміз белгілейміз” деді ол.

Жолдауында пандемияға тоқталған Путин бүкіл халықты екпе алуға шақырды. Ол Ресей күзде халық арасында жаппай иммунитет қалыптасу керек деп санайды. Ресей президенті пандемияны жеңудің жалғыз жолы вакцина деді.

Ресей пандемиядан қатты зардап шеккен елдердің қатарында. Мәскеу елде коронавирустан 106 мың адам қайтыс болды дейді. Ал федералдық статистика агенттігі елде Covid дертінен 225 мың адам көз жұмды деп санайды.

Владимир Путин жолдауын оқыған сәтте залда шенеуніктер мен депутаттар ара қашықтық сақтамай отырды. Маска таққандары да аз болды.

68 жастағы бұрынғы КГБ офицері Путин төрт жылдық премьерлік қызметін қоса есептегенде, Ресейді 1999 жылдан бері басқарып келеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз