Трамп Ақ үйді босатты

0
192
Дональд Трамп. Photo: politico.com

20 қаңтар күні АҚШ президенті Дональд Трамп жаңа сайланған президент Джо Байденнің инаугурациясына үш сағат қалғанда, Ақ үйден кетті. 

Тармп Ақ үй аумағынан үкіметтің тікұшағымен ұшып кетті де, Эндрюс базасына қоштасу рәсіміне келді. Трамп қоштасу рәсімінде америкалықтар үшін “әрқашан күресуге дайын екенін” айтып, Байден әкімшілігіне “сәттілік” тіледі.

“Сіздер ғажапсыздар. Бұл – ұлы ел. Сіздерге президент болу – үлкен мәртебе” деді ол жақтастары мен отбасы жиналған жиында.

Шараға вице-президент Майк Пенс келген жоқ. Ол Трамппен кеше, 19 қаңтарда қоштасқан. Трамп пен Пенстің арасы Капитолийдегі оқиғадан кейін суып кеткен.

Дональд Трамп Ақ үйден кетерінің алдында алаяқтық айыбымен жазаланған 150-дей адамға кешірім беру туралы құжатқа қойды.

Ол былтыр қарашада өткен президент сайлауында демократ Джо Байденнен жеңілген. Ол сайлау нәтижесімен келіспей бірнеше шағым түсіргенімен, сот оның арыздарын кері қайтарған.

6 қаңтарда Капитолийде Байденнің жеңісін рәсімдеу жиыны өтерден бұрын Трамп Ақ үй жанында өз жақтастарына қайырылып, “біз ешқашан берілмейміз, ешқашан жеңілмейміз, ұрлықты тоқтатыңыздар” деген еді. Трамптың осы сөзінен кейін оның ашулы жақтастары 1,6 шақырым жерде орналасқан Капитолийге барып, басып кіріп, сайлау нәтижесін рәсімдеу шарасын өткізуге кедергі келтірді. Саясаткерлер жиын өтетін залды тастап кетуге мәжбүр болған. Олар жұмысын 7 қаңтарда жалғастырып, Байденнің жеңісін рәсімдеді.

Конгрестегі жағдайдан бес адам қаза тауып, 52 адам ұсталды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз