Қазақстандық полицейлер мектептерде қауіпсіздік сабағын өтеді

0
252
Полиция қызметкері.

Қазақстан мектептерінде жаңа оқу жылы басталар алдында оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов пен ішкі істер министрі Марат Ахметжанов оқушылардың қауіпсіздігі мәселесін талқылады.

Кездесуде Оқу-ағарту министрлігі жаңа оқу жылы қарсаңында Ішкі істер министрлігі өкілдерімен бірлесіп, оқушылардың қауіпсіздігіне қатысты сабақтар өткізетіні туралы айтылды. Бұл сабақтарға білім беру ұйымдарының өкілдері де, құқық қорғау органдарының өкілдері де қатысады.

“Қыркүйектің басынан бастап 5 мыңнан астам полиция қызметкері мектептерге барып, профилактикалық сабақтарды бірлесіп өткізеді. Бұған мұғалімдер, директордың орынбасарлары және директорлар белсене қатысады. Оқу жылының басында ішкі істер органдарынан мектеп жанындағы кезекшілікті күшейтіп, қажет жерлерге арнайы жол белгілерін қойып, алдын алу шараларын жүргізуді сұраймыз. Барлық мектеп автобустарын, сондай-ақ қауіпсіздік жүйелерін тексеруді аяқтау қажет. Бұл жұмысты бірлесіп атқарамыз деп ойлаймын”, – деді министр Аймағамбетов.

 Оқу-ағарту министрі сондай-ақ кәсіби күзет агенттіктері мектептердің ерекшеліктерін білуі қажет екенін айтқан. Онымен қоса, тәжірибелі қызметкерлердің жиі ауыспауы және мектептің ерекшеліктерін білуі үшін оларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету керегіне тоқталған.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов ведомствоның барлық жеке құрамы оқушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін айтты. Оқушыларға олардың құқықтары мен міндеттері түсіндіріліп, құқық бұзушылықтың алдын алу, төтенше жағдайларда қалай әрекет ету керегі айтылады.

Ахметжанов жергілікті әкімдіктер орталық мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, мектептердегі тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуі қажет екенін атап өтті.

Министрлік басшылары балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды бейнекамералармен, дабыл түймелерімен және т.б. жабдықтау мәселелері толық шешілмеген өңірлердің ақпаратын тыңдады.

Мәселелерді талқылау аяқталғаннан кейін министрлер Нұр-Сұлтан қаласындағы ПД жедел басқару орталығында мектептердің техникалық дайындығын тексерді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз