Білім министрлігі: ҰБТ басталды

0
385
Ұлттық біріңғай тестілеуде отырған талапкерлер. Photo: edu.gov.kz

20 қаңтарда Қазақстан оқушыларына Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Білім және ғылым министрлігі елде 143 тестілеу өткізу пунктінде 1 230 аудитория жұмыс істейтінін хабарлады. 

Министрлік мәліметінше, қаңтар айындағы ҰБТ коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның келісімімен өтіп, карантинге байланысты түлектер тестілеуді 15 лек бойынша тапсырады.

“ҰБТ-ны 120 мыңнан астам адам тапсырады деп жоспарланып отыр. Олар – 11 (12) сынып оқушылары, өткен жылы ҰБТ нәтижелері жойылған талапкерлер және шығармашылық білім беру бағдарламалары бойынша басқасына ауысқысы келетін студенттер қатысады”, – делінген министрлік таратқан хабарламада.

ҰБТ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

Тестілеу 5 пән бойынша өтеді: 3 міндетті және таңдаған мамандығына байланысты 2 бейінді пән. ҰБТ қатысушыларына барлығы 120 тест тапсырмасы беріледі, оның ішінде Қазақстан тарихы бойынша 15 сұрақ, математикалық сауаттылық бойынша 15 сұрақ, оқу сауаттылығы бойынша 20 сұрақ және бейінді пәндер бойынша 35 тапсырмадан болады.

Тест тапсыруға 4 сағат (240 минут) беріледі. ҰБТ-ға қатысушылар барлығы 140 балл жинай алады.

Өңірлерде ҰБТ өткізу ережелерінің сақталуын жоғары оқу орындарының қызметкерлері мен Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері бақылайды. Сондай-ақ өңірлердегі тестілеу барысын білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің қызметкерлері қадағалайды. Тестілеу үрдісін арнайы мониторингтік топтың және “Адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің 403 өкілі бақылауда ұстамақ.

Коронавирусқа байланысты тестке қатысушылар арасында кемінде 2 метр қашықтық қамтамасыз етіліп, аудиториялардағы адамдардың саны 50%-ға қысқартылады. ҰБТ басталар алдында аудиториялар бактерицидті шамдармен зарарсыздандырылатын болады. Сонымен қатар санитарлық нормаларға сәйкес ата-аналар мен мұғалімдерге ҰБТ өткізу пунктінің аумағында болуға тыйым салынады.

ҰБТ ақпанның 5-іне дейін жалғасады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз