«INFOMATRIX – ASIA»: Оқушылар 3 сағатта робот машина құрастырды

0
758

6-7 маусым аралығында Сулейман Демирель атындағы университетте халықаралық «INFOMATRIX – ASIA» байқауы өтіп, мектеп оқушылары 3 сағатта робот машина құрастырды, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі.

Жарысқа Қазақстаннан жəне өзге елдерден 365 өнертапқыш қатысқан.  Қатысушылар 6 бағыт бойынша жобаларын ұсынды: Robotics Computer, Programming Computer, Art Hardware, Control Systems, Short Movie, Mathematics Project.

Robotics Computer бағыты бойынша командасымен І орын алған Ерасыл Қайыпов – Шымкент қаласындағы «Білім-инновация» мектебінің 10-сынып оқушысы. Оның айтуынша, мұндай жарыстар IT саласы бойынша өзге оқушылармен тәжірибе алмасуға көмектеседі.

«Біз бұл жарыстың болатынын бір ай бұрын білдік. Бірнеше апта бойы Arduino USB базалық платформасы арқылы робот машина құрастырып, байқауға дайындалдық. Бұл жеңіс біздің командамызға тынымсыз еңбектің арқасында келді. Жарыста тапсырманы орындауға 5 сағат уақыт берілді, бірақ біз 3 сағатта робот машинаны құрастырдық. Роботымыз тік төртбұрыш аренада әр бұрышта тұрған заттарды алып, ортадағы сары шеңберге қояды. Байқауда І орын алғанымызға өте қуаныштымыз. Мұндай жарыстар бізге өзге мемлекеттің бағдарламалауға қызығатын жас өнертапқыштарымен танысуға, тәжірибе алмасуға көмектеседі», – деп түсіндірді ол.

Жеңімпаз команданың мүшесі Әлинұр Тұрдықұл келесі жылы 11-сынып бітіргенде осындай халықаралық байқаулардан алған жетістіктері университетке грантқа түсуге көмектесетіне қуанышты екенін жеткізді.

Шараның ұйымдастырушысы, IT саласының маманы Исмаил Гесанның айтуынша, жылдан жылға жарысқа қатысушы оқушылардың деңгейі жоғарылап, қатысқысы келетін оқушылардың саны артып келеді.

«INFOMATRIX – ASIA» биыл 8-ші рет ұйымдастырылып отыр. Жарыс жыл сайын дәстүрлі түрде Сулейман Демирель университетінде ұйымдастырылады. Бұл байқаудың басқалардан айырмашылығы – бір категория бойынша ғана емес, 6 бағыт бойынша өткізілуі. Жарысқа 400-ден астам жоба тіркелді. Комиссия мүшелері 165 жобаны іріктеп алды. Байқауға барлығы 365 оқушы қатысты. Олардың жұмыстарын Google, Facebook сияқты әлемдік компанияларда жұмыс істейтін мамандар бағалады. Балалардың ақпараттық технологиялар саласына қызығушылығы артып келеді, жылдан жылға деңгейлері де жақсарып келе жатқанын байқадық. Болашақта осы оқушылар мықты IT маманы болады деген үміттемін», – деді «Білім-инновация» халықаралық қоры IT-департаментінің басшысы.

Ақпараттық технологиялар саласын дамытуға бағытталған байқау ҚР Білім жəне ғылым министрлігінің қолдауымен «Білім-Инновация» ХҚҚ ұйымдастыруымен өтті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз