Шымкент қаласының 25 жастағы Бағдат Жұмаділов атты тұрғыны өзінің тірі екенін дәлелдей алмай әлекке салынуда. Бұл туралы informburo.kz сайты хабарлайды.
Бағдат Жұмаділов біршама уақыттан бері өзінің тірі екендігін дәлелдей алмай, Халыққа қызмет көрсету орталығының (ХҚКО, орысша: ЦОН) табалдырығын тоздырып жүр. Әке атанғаннан бері басталған бұл мәселенің шешімін табу Бағдатқа қиынға соғып тұр. Себебі нәресте дүниеге келгенде олар ешқандай құжат рәсімдей алмағандықтан, Бағдаттың әйелі амалсыздан баланың туу туралы куәлігін өз атына жаздырған.
Бір қызығы, 16 жасынан бері мемлекеттік тіркеуде «өлген» боп саналатынына қарамастан, Бағдат Жұмаділов осы уақыт аралығында диплом алған, отбасын құрған, тіпті екінші рет куәлік алып та үлгерген.
«Тірімін, ал құжат өлілердің қатарында екенімді көрсетіп тұр. Құжат бойынша, Қызылорда облысының Шиелі ауданына тіркелген екенмін. Ал менің шиелі ауданына ешқандай қатысым жоқ. Өткен жолы ХҚКО-на келсем, Азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі (АХАЖ) кінәлі деді. Бүгін келсем, Шиелідегі жұмыспен қамту басқармасы кінәлі деп істі бір-біріне сілтеп отыр», дейді Бағдат.
Халыққа қызмет көрсету орталығындағы жеке басты куәландыратын құжатқа жауапты қызметкерлер: «бұл олқылыққа біз кінәлі емеспіз», – деп жауапкершіліктен қашса, АХАТ секторының өкілдері «Мемлекеттік деректер қорында Бағдатты қайтыс болған деп берген. Қазіргі таңда бұл азамат бізге арызын жазды. Біз бұл арызды жоғарыға құзырлы органдарға жіберу арқылы жағдайды шешуге тырысамыз», дейді.
Бағдат өзінің тірі екендігін дәлелдеу мақсатында қаладағы бірнеше мекемеге бас сұғып, мән-жайды түсіндірген. Дегенмен, арада біраз уақыт өткеніне байланысты Бағдат өзін кім «жер жастандырып» жібергенін анықтай алмай әлек.
Бағдат Жұмаділов: «Алдағы уақытта осы іске кінәлі адамды таппай қоймаймын», – дейді.
Жадыра Аманбайқызы