Президенттің 2023 жылғы 2 ақпандағы «Азаматтарды кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру туралы» Жарлығына сәйкес Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар 37 мыңнан аса сарбазбен толықтырылды, деп хабарлайды kazaknews тілшісі Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Азаматтарды шақыру жоспары толық орындалды. 2021 және 2022 жылдармен салыстырғанда мерзімді әскери қызметке шақырылатын азаматтардың саны 14%-ға артқаны байқалады.
“Мұндай оң динамика Қорғаныс министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдардың әскери қызметтің беделі мен тартымдылығын арттыруға бағытталған бірлескен жұмысының арқасында қамтамасыз етілді”, – делінген хабарламада.
Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге кредиттік каникул, сондай-ақ мерзімді әскери қызмет өткергендерге ҰБТ тапсырусыз жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік беріледі. 2023 жылы білім беру жеңілдіктерін 604 адам пайдаланды. Қазақстанның жоғары оқу орындарына грантқа 189 азамат, ақылы түрде – 415 азамат түсті.
Одан өзге, оқу орталықтарында экономиканың азаматтық секторында сұранысқа ие 15 әскери есептік мамандық бойынша 1195 әскери қызметші даярланды.
“Жалпы, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жасақтау жоспарын орындауға әлеуметтік қолдау шаралары және әскерге шақырылғанға дейінгі жастарды «Жас сарбаз» республикалық балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысына кеңінен тарту ықпал етті”, – делінген хабарламада.