Биыл қаңтар-қараша соңында әуе компаниялары 12,3 млн адамды тасымалдады, бұл былтырғыдан 23,3% көп. Билет бағасы да айтарлықтай өскен.
Әуе көлігімен жолаушы ең көп Алматы қаласына тасымалданған: 4,2 млн адам, бір жылда 25,9% көбейген. Одан кейін Астана (3,3 млн адам) мен Шымкент (1,1 млн адам). Ең төменгі көрсеткіш Алматы облысында тіркелді.
Жолаушы айналымы 23,9 млрд жкм құрады, бұл 2022 жылғы қаңтар-қарашамен салыстырғанда бірден 32,1% көп.
Биыл он бір айда әуе көлігімен жүк пен багаж тасымалдау 21,2 мың тоннаны құрады, бұл былтырғыдан 2,8% аз. Оның 12,7 мың тоннасы Алматыға, 5,5 мың тоннасы Шымкентке, 3 мың тоннасы Астанаға тиесілі. Осы кезеңде жүк айналымы 47,3 млн ткм құрады, бұл 2022 жылғы қаңтар-қарашамен салыстырғанда 3% аз.
Осы жылы қарашаның соңында әуе жолаушылар тасымалы қызметі бір жылда 27,5% өсті.
Өңірлер бойынша бағаның ең көп жылдық өсімі Қызылорда (58,9%), Маңғыстау (53,7%) және Атырау (47,5%) облыстарында байқалды. Ең аз жылдық баға өсімі Қарағанды облысында тіркелді: 1,4%.
Бұл ретте Солтүстік Қазақстан облысында баға былтырғы қарашадағы деңгейде сақталып, Абай, Жетісу және Жамбыл облыстарында әуе жолаушылар тасымалының қызметі арзандаған.
Сонымен бірге, биыл қаңтар-қазанда әуе көлігі қызметі саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция 51,2 млрд теңгеге жетті, бұл былтырғыдан 4,7 есе артық.
Инвестицияның барлық көлемі төрт облысқа тиесілі. Ең жоғары көрсеткіш Шымкентте тіркелді: 33,2 млрд теңге, 2022 жылдың қаңтар-қазанында 3,7 млрд теңге болған.
Одан кейін Алматы (12,6 млрд теңге), Астана (5,4 млрд теңге) және Алматы облысы (26,9 млн теңге).