Хаменова ісі: 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын 3 жылдан кейін өтейді

0
251
Бақытгүл Хаменова.

15 қарашада Атырау қаласының №2 соты Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованы 7 жылға бостандығынан айыру, алайда кәмелетке толмаған балалары барын ескере отырып, жазаны үш жылдан кейін өтеу жөнінде үкім шығарды.

Үкімде Хаменованың мүлкі тәркіленетіні, “Құрмет” ордені мен мемлекеттік лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айырылғаны көрсетілген.

Азаттық саты таратқан ақпаратқа қарағанда, уақытша бостандыққа шыққан Бақытгүл Хаменова “сот үкімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін” мәлімдеді.

Бақытгүл Хаменова ісімен бірге қаралып жатқан Атырау облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы жетекшісі Ақылбек Рысқалиевті судья Жұмағали Тәшімов 7 жылға, “Балқыту” ЖШС директоры Өміртай Адамовты 4 жылға бостандығынан айырды.

31 қазанда Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісі бойынша өткен кезекті сот отырысындағы жарыссөзден кейін прокурор Лаура Асанова Хаменованы жеті жылға бостандығынан айыруды, мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салуды, кәмелетке толмаған жас балалары бар екенін ескеріп, жазасын үш жылдан кейін өтеуге міндеттеуді сұраған.

Атырау облысы әкіміның бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы жетекшісі Ақылбек Рысқалиев Атырауға “Абай ескерткішін орнатуға арналған мемлекеттік сатып алу келісімін жасасқанда 4,5 миллион теңге пара алған” деген күдікке ілінген еді.

Бақытгүл Хаменова ісі биыл мамырда сотқа түскен. Оның ұсталғаны туралы ақпарат 2021 жылдың желтоқсанында шыққан еді. Бастапқыда үйқамаққа алынып, кейін тергеу изоляторына ауыстырылған.

Бақытгүл Хаменова 2020 жылдың наурыз айында Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған. Оған дейін алтыншы шақырылымдағы парламент мәжілісінің депутаты (2016 жылдың наурызы – 2020 жылдың наурызы) болған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз