Кинодағы Төлеген, өмірдегі Құман Тастанбеков дүние салды

0
189

Қазақ жігіттерінің көзінде сұлулық пен серіліктің символы болған, қазақтың Төлегені өмірден озды, деп хабарлайды Kazaknews.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақстанның бірқатар танымал әншілері өздерінің әлеуметтік желідегі парақшаларында кеше ғана тікелей Елбасымыздан марапат алып қуантқан қос махаббаттың символдары болған Құман ағамыздың өмірден озғанына өкініш білдіріп, Меруерт апамызға көңіл айтты.

Әнші Сәкен Майғазиев инстаграм парақшасында «Қазақтың Құманы табиғи талантымен, байсалды болмысымен, мінсіз мінезімен, жайдарлы, жылы жүзімен ғана жадымызда сақталмақ. Жаныңыз жәннәтта шалқысын, жақсы аға! Ағамыздың адал жары Меруерт апайымызға, әулетіне, Қазақ халқына қайғырып көңіл айтамыз», деді.

Индира Расылхан «Бала кезімде өмірлік жолдасым Құман ағаға ұқсаса екен деп армандайтынмын.  Мен үшін ол кісі идеал болып қала бермек. Хош бол аға!», деп жазды.

Қазақ эстрадасында Беркут есімімен танылған Айбек Сейітов «Бала кезімде «Қыз Жібек» фильмін көрген сайын Төлегенге ұқсап атпен шапсам ғой… Төлегенге ұқсап Жібекке ғашық болсам ғой…», деп армандаушы едім. Қайран өмір-ай! Өмірден өтпейтін адам жоқ. Құман ағамыздың арты қайырлы болсын. Меруерт апайымызға қайғыра көңіл айтамыз» деді.

Құман Тастанбеков 1969 жылдан бастап «Мұхтар Әуезов» атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қызмет еткен болатын.

Құман Нұрмағанұлы Тастанбеков 1945 жылы 10 наурызда Алматы облысы Сарқант ауданы Екіаша ауылында дүниеге келген. Актер, ҚР-ның халық артисі (1993 ж.). 1969 жылы Алматы мемлекеттік өнер институтының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) актерлік факультетін (ұстазы – профессор Х.Бөкеева) бітірген соң, Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының құрамына қабылданды.

Құман Тастанбековтың алғаш ойнаған рөлі – “Қыз Жібек” фильміндегі Төлеген (1970 ж.). Бұдан кейін “Қыс – мазасыз маусым”, “Ағам менің”, “Ерекше күн”, “Аққулар ұшып келеді”, “Махаббат жаңғырығы”, “Ағама арналған қалыңдық”, “Қараша қаздар қайтқанда”, “Провинциялық хикая”, “Алаң шеті”, “Өрнек”, т.б. фильмдеріне түсті.

Ол театр сахнасында Қасым, Құлбек (Ш.Айтматов, “Ана – Жер-ана” мен “Ақ кемесі”), Әлібек, Нарша, Абыз (М.Әуезов, “Айман – Шолпан”, “Қарагөз” бен “Еңлік – Кебек”), Тәңірберген (Ә.Нұрпейісов, “Қан мен тер”), Жан (О.Бөкеев, “Құлыным менің”, Қазақстан Ленин комсомолы сыйл., 1976), Айдар (Әуезов пен Л.С. Соболев, “Абай”), Маздақ (М.Шаханов, “Сенім патшалығы”), Орест (Л.Дюрко, “Электра, сүйіктім менің”), Флоридор (Ф.Эрве, “Түлкі бикеш”), Фархад (Назым Хикмет, “Фархад – Шырын”), т.б. секілді әр алуан рөлдерді сомдады.

Құман Нұрмағанұлы «Құрмет» орденімен марапатталған. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері. (Мәлімет Алаш айнасы сайтынан алынды)

Жадыра Аманбайқызы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз