22 шілде күні Президенті Тоқаевтың Жарлығымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесінің қызметіне арналған дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелде сарапшы, саясаттанушы, экономистер келіп баяндама жасады, зерттеулерімен таныстырды. Сарапшы Алуа Жолдыбалина Ұлттық кеңестің қоғамдық кеңестерден айырмашылығын атап өтті.
Ұлттық кеңестің қоғамдық кеңестен қандай айырмашылығы бар?
“Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне қатысты көптеген талқылаулар бар. Қазіргі уақытта халықта Ұлттық кеңес туралы нақты түсінік жоқ. Менің пікірімше, ұлттық кеңес жұмысын бастамас бұрын ақпараттық жұмыстарды көбейту керек. Мақсатын көпшілікке түсіндіру керек”, – деді Алуа Жолдыбалина.
“Ұлттық кеңестің мақсаты – жұртшылықтың, саяси партияның, азаматтық қоғамдардың барлығының пікірін жинақтап көрсету. Ал қоғамдық кеңестер саяси партиямен жұмыс істемейді, тек қана азаматтық сектормен жұмыс істейді. Яғни, билік пен азаматтық сектор арасында делдал қызметін атқарады”,- деді ол.
Ұлттық кеңес мүшелері қалай таңдалды?
“Жеке өзіме Ұлттық кеңес туралы жарлық шығардан екі күн бұрын Президент кеңесшісі хабарласып, ұсыныс айтты. Мен ұсынысты қабылдай отырып, төрт мәселе бойынша ұстанымымды айттым. Олардың ішінде сайлау, митингтер, саяси партиялар және БАҚ туралы заңдар бойынша фундаменталды ұсыныстар бар”, – деді Ерлан Саиров.
Ұлттық кеңес мүшелері айлықсыз жұмыс істейді
“Біріншіден Кеңес мүшелеріне тағайындалған айлық жоқ. Екіншіден, Ұлттық кеңеске қалай хабарласады. Осы отырған азаматтардың әлеуметтік желіде аккаунттары бар, телефон, барлығы ашық жазылған. Кеңестің хатшысы Ерлан Қарин екі-үш күн бұрын аккаунт ашылады деді. Сұрақтарды сонда жібере беруге болады. Кеңес құрамы туралы пікірімді білдірейін. Кеңес мүшесі догма емес. Құрамы өзгеріп тұруы ықтимал. Жеке ойым, жарты жылда не бір жылда өзгеріп тұруы керек. Бір адамның орнына екінші адам келуі ықтимал”, – деді Саиров.
Дөңгелек үстелге қатысушылардың сөзінше, Кеңес мүшелері миссияларын орындай алмаса орындарын босатады.
Естеріңізге сала кетейік, 17 шілде күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесімен таныстырды. Құрамында барлығы 44 адам бар. Кеңесті Тоқаевтың өзі басқарады.
Abdimanap KENES